АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыста ұлттық спорт түрлерінің дамуына басымдық берілуде

Қазақ халқының мәдени коды мен ұлттық болмысының ажырамас бөлігі саналатын ұлттық спорт түрлері бүгінде елімізде олимпиадалық спортпен тең дәрежеде дамып келеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл бағыт Қарағанды облысында да қарқынды қолдау тауып отыр. Бүгінде өңірде тоғызқұмалақ, саят, бәйге, жекпе-жек, қазақ күресі, асық ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату және дәстүрлі садақ ату сынды 11 ұлттық спорт түрі жүйелі түрде дамытылуда.

– Соңғы жылдары ұлттық спортқа деген қызығушылық арта түсті. Қазір облыс бойынша бұл бағытпен 38 мыңнан астам адам тұрақты айналысады. Қарағанды облысынан 36 спортшы ұлттық құрама құрамында өнер көрсетуде. Ұлттық спорт түрлеріне бейімделген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде алты бағыт бойынша дайындық жүргізіледі: конкур, аударыспақ, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, бәйге және жамбы ату. Мұнда 400-ге жуық бала жаттығады. 20 жаттықтырушының жартысы тұрақты негізде жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірде 11 спорт түрін біріктіретін алты федерациядан құралған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы белсенді жұмыс атқарып жатыр, – деп хабарлады Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Ұлттық спортты дәріптеуде «Көкпар» спорт клубының да үлесі зор. Қазіргі таңда мұнда 14 нұсқаушы-спортшы мен екі бапкер тұрақты жұмыс істейді.

Жыл басынан бері өңірде ұлттық спорт түрлері бойынша 23 жарыс өткізілді. Бұл сайыстарға 2500-ден астам спортшы қатысты. Сонымен қатар, Қарағанды облысынан 298 спортшы 34 республикалық жарыста өңір намысын қорғап, 15 алтын, 14 күміс және 25 қола медаль жеңіп алды.

Маусым айында ұлттық спорт түрлерінен жарыс маусымы ашылды. Ашылу салтанаты кең көлемде өтіп, барлық қала мен ауданнан 400-ден астам спортшы жиналды. Ал шілде айында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын IV облыстық ұлттық спорт түрлері фестивалі өтті. Бұл шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеу және «Ақбидай» VIII Республикалық ауыл спорт ойындарына іріктеу өткізу. Аталған республикалық дода қыркүйек айында Алматы облысында өтеді. Облыстық фестивальдің жеңімпаздары Қарағанды облысының атынан қатысады.

Тамыз айында ұлттық спорт бойынша тағы бірнеше турнир ұйымдастыру жоспарланған. Ал қыркүйекте маусымның жабылу рәсімі кең ауқымда өтпек.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық спорт – мәдени болмысымыздың бір бөлшегі ғана емес, ұлт саулығы мен ұрпақ тәрбиесінің маңызды тетігі», – деп атап өткен еді.

Ал маусым айында күшіне енген жаңартылған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңда ұлттық спорт түрлері басым бағыт ретінде белгіленді.

Бұл заң олардың жүйелі дамуына, қаржыландырылуына және жоғары жетістіктер спорты ретінде қолдау көруіне мол мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Back to top button