Облыста әлеуметтік осал топтарға 1231 пәтер сатып алу жоспарланған
2023 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үйлерді жеке құрылыс салушылардан тікелей сатып алу басталды. Бұл мақсатқа қажетті қаражат жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Биыл Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында кезекте тұрған азаматтар үшін 1 231 пәтер сатып алу жоспарланған.

Қарағанды қаласында өткен жылы 381 пәтер сатып алынса, биыл көрсеткіш бір жарым есеге артты – 567 пәтерге жетеді.
Қарағанды әкімдігі хабарлағандай, барлық пәтерлер тек тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына сәйкес бірінші кезекте әлеуметтік осал топтар қамтылған. Тұрғын үйлерді бөлу және сатып алу рәсімі заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Биылғы жылы басқа қалаларда да тұрғын үйлер сатып алынуда:
• Балқашта – 94 пәтер
• Саранда – 90 пәтер
• Приозёрскіде – 24 пәтер
• Теміртауда – 25 пәтер
Ауылдық жерлерде де тұрғын үй мәселесі шешілуде. Мысалы, Шет ауданында биыл 92 пәтер сатып алынып, жыл соңына дейін тағы 32 пәтер қосылады. Абай ауданында 129 отбасы тұрғын үй мәселесін шешеді.
Сатып алынатын пәтерлер мемлекеттік сәулет, қала құрылысы және құрылыс нормаларына сәйкес ІІІ–IV жайлылық класына жататын, таза әрлеумен берілетін болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



