Облыста газбаллон орнатылған көліктерге бақылау күшейтілді
Қарағанды облысында газбаллон орнатылған автокөліктерге бақылау күшейтілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті және полиция мамандары көлік иелеріне жабдықты таңдау мен пайдалану ережелері туралы ақпарат берді.

Газбаллонды жүйе тек ЕЭК БҰҰ №115 қағидаларына сәйкес келетін және автокөліктің нақты моделіне лайықталған сертификатталған жабдықпен орнатылуы тиіс. Орнатудан кейін машинаның экологиялық класы төмендемеуі керек. Жұмысты тек қажетті құралдары бар және біліктілігі расталған мамандар жүргізеді.
Қайта жабдықтау кезінде барлық бөлшектер зауыттық өндірілген болуы қажет. Бұл баллон, бекіткіштер және жүйенің басқа элементтеріне қатысты. Монтаж ЕЭК БҰҰ халықаралық қағидалары және Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Орнатудан кейін автокөлік Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық бөлімшелерінде зертханалық сынақтан өтеді. Нәтижесінде полиция конструкцияны келісу туралы куәлік береді. Бұл құжат көліктің ресми тіркеуіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.
– Егер инспектор көліктің техникалық талаптарға сәйкес еместігін анықтаса, бестен он айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе көлікті жол қозғалысынан шектеуге болады, – деді облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Дастан Қуанышбек.
Облыста «Газбаллон» акциясы өткізіліп жатыр. ТЖД қызметкерлері жергілікті органдармен және мүдделі ведомстволармен рейдтер жүргізіп, тұрғындарға газ жабдығымен жұмыс істеу ережелерін түсіндірді. Акция барысында 1200 үй, 18 паркинг және 50 жанармай құю станциясында нұсқаулықтар өткізілді, барлығы шамамен 6 мың адам қамтылды.
– Көпқабатты үйлерде газ баллондары бар көліктердің паркингке кіруіне тыйым салынғаны ескертілді, – деді мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жұмекенов. – Газ құю станцияларының қызметкерлеріне тұрмыстық баллондарды құюға жол бермеу туралы ескерту жасалды.
Газ жабдығының қауіпсіздігі тек конструкциясына ғана емес, автокөлік иелерінің орнату және пайдалану ережелерін қаншалықты сақтайтынына да байланысты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



