Бас тақырыпБасты тақырып

Облыста ерекше білім беру қажеттілігін талап ететін 20 313 бала бар

Әр адамның өз орнын тауып, қоғам өміріне тең мүмкіндікпен араласуы – өркениетті елдің басты өлшемі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында соңғы жылдары өңірде инклюзия мәселесіне баса назар аударылып, игі жұмыстар атқарылып келеді. Ерекше балаларға арналған мектептер салынып, арнайы сыныптар мен шығармашылық орталықтар жасақталып, түрлі әлеуметтік жобалар жүйелі түрде қолға алынуда. Ал, цифрлық технологиялар бұл үдеріске тың серпін танытып, ата-аналар мен педагогтерге оңтайлы шешім ұсынып келеді.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Қазір аймақта ерекше білім беру қажеттілігін талап ететін 20 313 бала бар. Олардың 17 148-і, яғни, 85 пайызы, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметімен қамтылған. Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстың айғағы ретінде бүгінде өңірде 10 арнайы мектеп-интер-нат, 3 балабақша, 6 психологиялық-педагогикалық қолдау орталығы және 10 түзету кабинеті жұмыс істейді. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Балқаш қалаларындағы орталықтар балаларға
диагностика және психологиялық бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданында тағы бір жаңа оңалту кабинеті ашылмақ. Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатында ақыл-ой дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сыныптар жұмыс істейді. Сондай-ақ, №1 арнайы мектеп-интернатында көру қабілеті төмен балаларға арналған төрт бастауыш сынып жұмыс істейді. Мұндай бастамалар арқылы білім беру жүйесінің инклюзияға
бейімделіп, әр баланың әлеуетін ескеруге бет алғанын аңғара аламыз. Жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы да ерекше балаларға барынша қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Мұндай заманауи мектептерде кең дәліздер, пандустар мен лифтілер, тактильді жолақтар, Браиль
шрифтіндегі белгілер бар. Жаңа оқу жылында Балқашта ашылған жаңа №12 мектеп – соның айшықты үлгісі.

– «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектебіміз инклюзивті білім беруге толық дайын. Қазірдің өзінде екі бала психологиялық-педагогикалық қолдау орталығының бақылауында оқуда, – дейді №12 мектеп директоры Гүлзада Манатаева.

Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, бүгінде  балабақшалардың 91 пайызы, мектептердің 93 пайызы, ал, колледждердің 100 пайызы инклюзивті оқытуға бейімделген. Өңір бойынша 54 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мәселен, Қарағандыда – 16, Шахтинскіде – 7, Шет ауданында – 13 кабинет бар. Онда пандустар, тактильді белгілер, ақпараттық тақталар орнатылып, психологтар, логопедтер, дефектологтар мен педагог-ассистенттер жұмыс істейді. Ал, 12 ресурстық орталық ерекше балалар мен педагогтерге әдістемелік көмек көрсетеді. Олардың екеуі облыстық деңгейде (Қарағандыдағы №27 мектеп және Аутизм орталығы), қалғандары аудандық және қалалық деңгейде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ қолдауымен енгізілген «Цифрлық инклюзия» жобасы Қарағанды мен Теміртауда нақты көрініс тапты. Бұл жоба аясында ерекше балалар арнайы цифрлық құрылғылармен, оқу бағдарламалары мен онлайн консультацияларға қол жеткізген. Нәтижесінде, олардың оқу процесіне қатысу белсенділігі 20 пайызға артқан. Сонымен бірге, «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі әлеуметтік қолдауды жеңілдетті. Ендігіде ата-аналар мемлекеттік қызмет пен жәрдемді онлайн түрде, өтінішсіз ала алады. Тек соңғы бір жылда бұл жоба арқылы 49 мыңнан астам тұрғын көмекке қол жеткізген.

– Цифрлық технологиялардың арқасында біз әр баланың даму динамикасын нақты бақылап, оқу жоспарын жекелей түзете аламыз. Бұл арқылы инклюзивті білім берудің сапасы артқанын көре аламыз, – дейді Қарағандыдағы Педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация орталығының директоры Жанар Ержолова.

Менталды ерекшелігі және мүгедектігі бар 16 жастан асқан азаматтарға арналған «Бізбен бірге бол!» атты интеграциялық орталық пилоттық жоба ретінде аймағымызда ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мұнда әлеуметтік бейімделу мен кәсіби даму бағытындағы бағдарламада арт-терапия, тігін және қолөнер шеберханалары, йога мен би сабақтары оқытылады. Қызметкерлер қатарында психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлер бар.

– Дамудың ерте-кеші жоқ. Біз бұл орталықты ашуға бес жыл уақытымызды сарп етсек те, ақыры өз мұратымызға қол жеткіздік. Интеграциялық орталықтың негізгі миссиясы – ерекше жандарға қауіпсіз әрі даму ортасын қалыптастыру, – дейді жобаның жетекшісі, «ACET inclusive» қоғамдық бірлестігінің директоры Әсел Бекбаева.

Инклюзияны цифрландыру – әлеуметтік саясаттың жаңа тетігі. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерді бөле жармай, оларды тұрмысқа бейімдеп, қоғаммен тең өмір сүруіне жол ашу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button