Облыста биыл 637 шақырым автожол жөнделді
Қарағанды облысында Саран – Шахтинск автожолының 19 шақырымдық бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 12 шақырымға үш қабат асфальт төселіп, қалған бөлігі келесі жылы аяқталмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілген осьтік жүктемеден артық тасымалын болдырмау үшін бұл жолда қозғалыс кезінде көлікті автоматты түрде өлшейтін заманауи жүйе орнатылды.
– Жүйе деректеріне сүйенсек, бұл бағытпен тәулігіне 150-ден астам жүк көлігі өтеді. Соның шамамен 20-сы белгіленген нормадан артық жүктемемен жүреді. Мұндай жүйелерді орнату жұмыстары жалғасады. Келер жылы осындай тағы сегіз кешен орнатылады: жетеуі – республикалық, біреуі – облыстық маңыздағы жолдарға, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте.

Саран – Шахтинск бағыты бойында Шерубай-Нұра өзенінің үстінен өтетін көпірді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ал Осакаровка – Есіл трассасындағы Есіл өзеніндегі көпірде жағалау тіректері орнатылып, аралық құрылымдары жөнделіп жатыр.
Теміртау – Ғабиден Мұстафин ауылы бағытындағы жолда Нұра өзенінен өтетін көпірді реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ Шахан – Жаңаталап арасындағы бес шақырымдық жолды жаңарту басталып, оның екі шақырымына үш қабат асфальт төселді. Қалған бөлігі келесі жылы аяқталады.

Биыл өңір бойынша жалпы ұзындығы 637 шақырым автожол жөнделді. Облыстық маңыздағы үш ірі жоба толық аяқталды:
• Нұра – Осакаровка бағытының 20 шақырымы (Осакаровкадан Қоянды ауылына бұрылысына дейін);
• Жартас – Долинка бағытының 21 шақырымы;
• Үштөбе – Құрылыс арасындағы 9 шақырым жол.
Реконструкция барысында жол жамылғысының іргетасы нығайтылып, қозғалыс қауіпсіздігі деңгейі арттырылды.
Орташа жөндеу жұмыстары облыстық маңыздағы алты учаскеде, жалпы 60 шақырымда жүргізілді. Оның ішінде Керней – Семізбұға, Қарағанды – Доскей, Осакаровка – Жастар және Нұра – Шахтерское бағыттары бар.
Қазір екі жылдық жобалар аясында Сәкен Сейфуллин – Ақсу-Аюлы бағытындағы 26 шақырым және Қарағанды – Жезқазған трассасынан Шахтинск қаласына дейінгі 24 шақырымдық учаскелерде жұмыстар жалғасуда. Бір бөлігі биыл орындалып, қалғаны келесі жылы аяқталады. Барлық учаскеде екі қабат асфальт төселіп, жолдың ұзақ мерзімге төзімділігі қамтамасыз етіледі.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 21 елді мекенде жалпы ұзындығы 84 шақырым ауылішілік жол жөнделді.
Республикалық маңыздағы Қарағанды – Балқаш автожолы толық реконструкцияланып, пайдалануға берілді. Қазір онда абаттандыру, көгалдандыру және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүріп жатыр. 20 жарық аркасына LED-экрандар мен 10 жол белгісі орнатылды. Сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу және қозғалысты бақылау жүйелері орнатылуда. 18 демалыс аймағы салынып, төрт санитарлық-гигиеналық нысан пайдалануға берілді.
Биыл республикалық маңыздағы 245 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, барлық жұмыстар толық аяқталды.
– Жаңа жобаларға келсек, Saran индустриялық аймағы мен Қарағанды өңірін дамыту мақсатында Қарағанды – Астана трассасына шығатын жолды реконструкциялау жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі 6 шақырымдық жолды қайта жаңарту жобасы дайындалып, оны 2026 жылы бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Мақсат Мұқашев. – Бұдан бөлек, Қарағанды – Шахтинск автожолындағы Шерубай-Нұра өзені үстінен өтетін көпірді қайта салуға арналған жобалық құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде.
2026 жылы республикалық маңыздағы алты жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізу және Ақшатау – Ағадыр – Ортау бағытындағы 95 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
– Жол құрылысының сапасы мен қолданылатын материалдардың стандарттарға сәйкестігін Ұлттық жол активтері сапасы орталығымен бірлесе сараптап, теріс қорытынды болған жағдайда нысандарды пайдалануға қабылдауға жол бермеу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



