Облыста астық жинау науқанына 1 976 комбайн мен жүздеген заманауи техника жұмылдырылды
Елдің еңсесін көтерер еңбек – ауылда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығының ел дамуындағы үлесін арттыру экономиканың ғана емес, аймақтардың әлеуметтік тұрақтылығының да кепілі екенін атап өтті. Президент тапсырмасына сай, бүгінде Қарағанды облысында аграрлық саланы әртараптандыру мен қайта өңдеуді күшейту бағытында маңызды істер қолға алынған.

Биылғы орақ маусымы ауыл үшін ерекше серпінмен басталды. Егіс даласында техникалар тынымсыз жұмыс жасап, жаңа агротехнологиялар енгізілуде. Шаруалар өндірісті ұлғайтып қана қоймай, сапа мен тиімділікке ден қойған. Мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларының саны көбейіп, өңір ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы еңбек бүгін ел экономикасының нақты қозғаушы күшіне айналып отыр. Мемлекет ұсынған жеңілдетілген несие, субсидия мен инвестициялық жеңілдіктер облыстың ауыл шаруашылығы субъектілері өнім өндіру көлемін тұрақты арттырып, өңірлік азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосып отыр. Ынтамен кіріскен істе нәтиже болары анық. Ауылдағы еңбек – маусымдық емес, үздіксіз үдеріс. Көктемгі қарбаластың орнын күзгі қамбаның лық толуы басқан шақта, дала төсінде биылғы еңбектің нәтижесі де көріне бастады. Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың сегіз айында өңір шаруалары 56,5 мың тонна ет, 143,5 мың тонна сүт, және 413 миллион дана жұмыртқа өндіріп үлгерген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ет өндірісіндегі өсім – 105 пайыздан асқан, сүт өндіру 101 пайыздық межені бағындырған, тек жұмыртқа көлемінде аздаған төмендеу байқалады. Ол да – маусымдық ауытқудың бір түрі. Ал егін алқаптарындағы көрініс тіпті үмітті. Биыл облыс бойынша 914 мың гектарға жуық жерге дән себіліп, оның басым бөлігін бидай, арпа және сұлы алқаптары құрайды. Бір қарағанда, бұл сан жыл сайынғы көрсеткіштерге ұқсас болуы мүмкін.
Алайда биылғы маусымның бір ерекшелігі – өнім сапасы мен орташа өнімділіктің өсуінде. Мамандардың алдын ала болжамы бойныша, орташа түсім 10 центнерден асса, қамбаға бір миллион тоннаға жуық астық құйылады деп күтілуде. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Картоп пен көкөніс егілген алқаптарда да береке бар. 14 мың гектардан астам жерге картоп егіліп, өнімділік гектарына 250 центнерден асып отыр. Бұл шамамен 370 мың тоннаға жуық өнім деген сөз. Ал көкөніс дақылдарынан алынған өнім көлемі 75 мың тоннадан асқан. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жинау науқанына 1 976 астық жинайтын комбайн мен жүздеген заманауи техника жұмылдырылған. Осының бәрі – еңбектің өнімділігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар.
Сандардың бәрі – статистика ғана емес, даладағы тіршіліктің тынысын танытатын дерек. Бірде шөп иісі, бірде жаңбыр иісі аңқыған сол алқаптарда еңбекпен өрілген өмірдің өз ырғағы бар. Биыл сол ырғақ ширақ, ал ауылдың еңсесі биік. Қазіргі ауыл бейнесі бұрынғыдай емес. Бүгінгі далада кетпен мен соқа дыбысын техниканың үні басқан, қол еңбектің күні қашқан. Оның орнын озық технология, ал тәжірибенің орнын нақты есеп пен стратегия алмастырған. Бұл – жаһандану дәуіріндегі ауыл еңбегінің жаңа сипаты, уақыт талабы мен ұлт дамуының ұштасқан тұсы.
Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың сегіз айында агроөнеркәсіп кешеніне 38,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі – 32 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өндірісіне, қалғаны тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі жарым еседен астам өсім. Инвестицияның ең басты әсері – технологиялық жаңару. Қазір егіс даласында спутник жүйесіне қосылған комбайндар, GPS арқылы қозғалысын бақылап отыратын тракторлар, өнім сапасын саралайтын электрондық өлшеуіштер жұмыс істейді. Жаңа техника – уақытты үнемдеп, өнім сапасын арттырудың кепілі. Биылдың өзінде облыс бойынша 31 жаңа жоба іске асырылмақ, жалпы құны – 47,4 миллиард теңге. Бұл жобалардың әрқайсысы – бір ауылдың жаңа тынысы.
Мал шаруашылығында бордақылау алаңдары, сүт өңдеу цехтары мен агрокооперативтер құрылып жатыр. Жыл басынан бері 10 жоба іске қосылып, 287 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауылдың келбеті осылай біртіндеп жаңарып келеді: қол еңбегінен – ой еңбегіне, дәстүрден – цифрлы дәуірге.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау мен субсидиялар ауыл экономикасын едәуір нығайтты. 1 қыркүйекке дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарына 15,9 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Бұл қаржы жердің құнарын арттырудан бастап, жаңа техниканы жеңілдетілген бағдарлама арқылы алуға дейінгі түрлі бағытқа жұмсалды. Атап айтқанда, егін шаруашылығын субсидиялауға – 5,3 миллиард теңге, мал шаруашылығына – 1,5 миллиард теңге, инвестициялық шығынды өтеуге – 4,3 миллиард теңге, ал техника мен жабдықты бағдарламамен алу кезінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға – 4,6 миллиард теңге үлестірілген. Бұған қоса, қайта өңдеу кәсіпорындарының өнім сатып алу шығындарын өтеуге де қаржы бөлініп отыр. Бәрінің түпкі мақсаты – ауылдағы нақты табысты өсіру, ең бастысы – еңбектің қадірін арттыру. Осындай кешенді қолдау нәтижесінде шаруалардың техникасы жаңарып, өнім сапасы арта түсті.
– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаруаларға үлкен серпін беріп отыр. Қазір фермерлер тек өнім өсірумен шектелмей, оны өңдеуге, экспортқа шығаруға бет бұрды. Ең бастысы, ауылдағы еңбек бағаланып, өз жемісін береді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»