Облыста қайтарылған активтер есебінен ауылдарға су құбыры тартылуда
Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Қарағанды облысында су құбыры желілерін салу және жаңғырту үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл қаржы қайтарылған активтер есебінен бағытталуда.

Аталған жобалар Қарағанды қаласы мен облыстағы бірнеше елді мекендерді қамтиды. Атап айтқанда, Тихоновка, Садовое, Колхозное, Ақтерек, Әлихан ауылдары мен Көктенкөл стансасында су жүйелері жаңартылып, жаңадан салынып жатыр.
Жобалардың жүзеге асырылуына негізгі себеп – су құбыры желілерінің ескіруі. Көптеген нысандар ондаған жылдар бойы жөндеусіз пайдаланылып, жиі апаттарға, су берудің үзілуіне және тұрғындардың наразылығына себеп болған. Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінде Қазақстанда елді мекендерді кезең-кезеңімен сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары жүйелі түрде іске асырылып келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қарағанды қаласының тұрғындары 99,4%, ал ауыл халқы 97,9% ауыз сумен қамтылған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА