Облыста 941 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді
Қарағанды облысы – ел экономикасының тірегі. Өңір өнеркәсіптің 40%-дан астамын құрап, тау-кен металлургиясы мен көмір өндіруден бастап, қайта өңдеу саласына дейін кең ауқымды қамтып отыр. Аймақта 941 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. 2024 жылдың жеті айында жалпы көлемі 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7,3%-ды құрады.

Өңірлік өнеркәсіптің шамамен жартысы – «Qarmet» АҚ үлесінде (51%). Бұл ірі кәсіпорында өндірісті кешенді қайта ұйымдастыру мен жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алдағы бес жылда компанияға 1,6 трлн теңге инвестиция салу жоспарланған.
Бұл шаралар жылдық өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға жол ашады: болат өндірісі 5 миллион тоннаға, темір кені концентраты 5 миллион тоннаға, ал көмір өндіру көлемі 2028 жылға қарай 9 миллион тоннаға дейін жеткізіледі.
Тек 2024 жылы кәсіпорынға 358 млрд теңге инвестиция бағытталды. №2 және №4 домна пештері күрделі жөндеуден өткізілді, екі конвертор корпусы ауыстырылды, №8 ауа қыздырғыш іске қосылды. Сонымен қатар шахталарды кешенді жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Жаңғырту нәтижесінде өндіріс көлемі де арта түсті:
• шойын – 6%-ға,
• болат – 6,6%-ға,
• жалпақ илем – 4,3%-ға,
• көмір өндіру – 15%-ға өсті.
Жыл соңына дейін оң көрсеткіштердің сақталуы күтіліп отыр.
Қарағанды облысы дәстүрлі металлургиядан бөлек, өз экономикасын әртараптандыруға да басымдық беруде. Бүгінде өңірде машина жасау, резеңке және пластмасса өндірісі қарқынды дамып келеді.
Машина жасау саласында 1400 автобус пен арнайы және 131 мың тұрмыстық техникашығарылды.
Ал, резеңке және пластмасса өндірісінде 372 мың автомобиль шинасы өндірілді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА