Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ғарыштық мониторинг арқылы анықталған рұқсатсыз қоқыс үйінділері жойылып жатыр. Экология департаментінің мәліметінше, ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша 470 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Сәуір мен тамыз айлары аралығында департамент қызметкерлері тағы 83 үйіндіні тікелей рейд барысында тапқан.
Рұқсатсыз жерге қоқыс төккен ереже бұзушылар жазасыз қалмайды. Қарағандыда полицейлер құрылыс қалдықтарын заңсыз төгіп жатқан камаз көлігін тоқтатты. Автокөлік коммуналдық айып тұрағына қойылып, жүргізушіге айыппұл салынды.
Қарағанды қаласында 127 рұқсатсыз қоқыс орны жойылды. Алайда кейбір жерлерде қоқыс үйінділері әлі жиналмаған. Жұмыстар жүріп жатыр.
– Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған қоқыс орындарының 280-і жойылды. Қалғандары алда тазартылуы тиіс. Мәселе мынада: өткен жылы тазартылған жерлердің өзінде қайтадан рұқсатсыз қоқыс үйінділері пайда болып жатыр. Бұл жағдай тұрғындардың ресми полигондарға төлем жасамау үшін қоқысты бұрынғы орындарға тастауды жалғастыруымен байланысты. Мұндай жерлерге бейнебақылау камераларын орнату орынды болар еді. Қайталанып қоқыс жиналатын аумақтардың тізімін жасау қажет. Алдын алу шаралары жыл сайын қайта-қайта жоюмен әлек болудан гөрі тиімді нәтиже береді, – дейді Экология департаментінің басшысы Бегәлі Сапаралиев.
Мысалы, Абай ауданының Садовое ауылында ғарыштық мониторинг арқылы көлемі 150 текше метрден асатын қоқыс үйіндісі анықталды. Қазір қоқыс шығарылып жатыр. Алайда бұл мәселе жыл сайын қайталануда. Балқашта бір күнде үш ірі заңсыз қоқыс орны табылып, тазартылды.
Экологтар тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақырады. Экологиялық талаптарды елемеу – тек заң бұзушылық қана емес, болашақ ұрпақтың өміріне залал келтіру.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА