Облыс жылыту маусымына 99,5% дайын
Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын қалды. Өңірдің дайындық деңгейі 99,5 пайызға жетті. Өңірде жылу көздері, қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың басым бөлігі жөнделіп, отын қоры жасақталуда. Жаңа қазандықтар мен турбиналар іске қосылып, қала-аудандардағы инженерлік желілер толықтай дерлік дайын.

– Барлық 603 жергілікті жылу көздері дайындалды, шамамен 1,5 мың шақырым инженерлік желі әзір. 488 қосалқы станцияда жұмыстар аяқталды, 1107 әлеуметтік нысан мен 5884 көппәтерлі тұрғын үй дайын. Қазіргі уақытта 80 тұрғын үйде жұмыстар жалғасуда, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысыТілектес Досаев.
Инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Облыстағы жеті энергия көзі бойынша негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңарту жыл бойы жүргізіліп келеді. 26 қазандық пен 15 турбинада жөндеу аяқталды, тағы 11 қазандық пен 7 турбинада жұмыстар жалғасуда.
Теміртаудағы ЖЭО-2-де сағатына қосымша 80 Гкал жылу өндіруге мүмкіндік беретін жаңа, жетінші қазандық іске қосылуда. Топар МАЭС-та үшінші турбина іске қосылып, электр қуаты 130 мегаваттқа артты.
– Биыл Қарағандыда үшінші жылу шығарғыш жобасы аяқталды. Көктемде ол сынақ режимінде іске қосылып, жақсы нәтиже көрсетті. Соның арқасында қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінің 80 пайызы сапалы жылумен қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайырдың айтуынша, қалалық магистральдар жуылып, тексерілді, орталық қазандықта іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде, барлық төрт қазандықта сынақ түрінде іске қосу жүргізілді, отын жеткізу кестесі бекітілді. Жергілікті қазандықтарда жөндеу жүргізіліп, көмір қоры жасақталды. Биылғы маусымда 240 көппәтерлі үй мен 45 әлеуметтік нысан жылу желісіне қосылуы тиіс.
Абай ауданында, аудан әкімі Сәбит Оспановтың есебі бойынша, жылыту маусымына жұмыстар аяқталуға жақын. Қазіргі таңда тек Абай мен Топар елдімекендеріндегі жылу желілерінде жұмыстар жүріп жатыр, онда жөндеу 97 пайызға орындалған. Денсаулық сақтау мен мәдениет нысандарына көмір жеткізу жалғасуда. Білім беру мекемелері толықтай отынмен қамтылған. Южный кенті мен Жартас ауылында жаңа қазандықтар салынды, қалғандары да маусымға дайын.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылумен қамту мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті.
– Жылыту маусымына сапалы дайындалып, оның тұрақты өтуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – акционерлерден бастап жергілікті атқарушы органдарға, мектеп, балабақша мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына дейінгі барлық тараптың ортақ жауапкершілігі. Барлық нысандар белгіленген мерзімде дайындық актілерімен қабылдануы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы барлық тіршілік ету нысандары мен инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарын аяқтауды, жергілікті жылу көздеріне көмірді уақытылы жеткізуді және тұрғындарға отынды алдын ала сатып алу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Энергетикалық бақылау департаментіне электр және жылу көздерінің жылыту маусымына дайындығын ерекше бақылауға алу жүктелді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА