Облыс құрамасының спортшылары үздік атанды
Балқашта жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Balkhash Open республикалық турнирі өтті. 14 өңірден 300-ден астам спортшы қатысқан байрақты бәсекеде облыс құрамасы командалық есепте топ жарды.
Аталмыш турнирге 7 жастан 20 жасқа дейінгі жас санатында 20 команда күш сынасты. Ақтық бәсекеге кіл мықты 150 жауынгер шықты.
– Балқашта жекпе-жек ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Сол себепті байрақты бәсекені Балқашта өткізуді жөн көрдік әрі бұл жақта бірінші рет өткізіліп тұр. Бұл спорт түріне келген жастардың бәрі қабілетті. Турнир де жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы ешкім ешқандай жарақат алған жоқ. Енді бұл турнир дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады деген сенімдемін, – деді облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Әділет Нұрмадиев.
Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы көш басына шықты. Жерлестер облыс қоржынына 7 алтын, 7 күміс және 16 қола жүлде салды. ІІ орынды Алматы облысынан келген спортшылар иеленді. Қостанай облысының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Турнир жеңімпаздары шілде айында Түркістан облысында өтетін чемпионатқа жолдама алды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz