Бас тақырыпБасты тақырыпОблыс әкімі

Облыс орталығында IT және бизнес саласын өзара біріктірген ауқымды Terricon Connect форумы өтті

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің цифрлық даму бағытындағы әлеуетін ерекше атап өтті.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Ерекше жиынға өңір кәсіпкерлері, инвесторлар мен IT-мамандар жиналып, жаңа технологиялар мен бизнес бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

–Қазыналы Қарағанды – еліміздің жасанды интеллект және технологиялық экожүйесінің маңызды орталықтарының бірі. Осы бағытта тек осы жыл бойында 300-ге жуық шара өткізілді. Бүгінгі форум IT-мамандар мен кәсіпкерлерге жаңа идеялар мен серіктестіктерге жол ашып, аймақтың инновациялық дамуына, әсіресе, жасанды интеллект экожүйесін нығайтуға серпін береді.  Форум қатысушыларына сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысы.

 Бағдарлама аясында IT форум, неконференция, Startup Alley, Startup Battle және Terricon V-Night секілді форматтағы жүздесулер ұйымдастырылды. IT форум алаңында қатысушылар сандық трансформация, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік тақырыптарын кеңінен ой елегінен өткізді. Сарапшылар болса, заманауи IT-шешімдердің бизнестегі тиімділігін атап өтіп, үздік тәжірибелерімен де бөлісті.

Неконференция форматында еркін пікір алмасу панельді сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар кәсіби қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастыруға мүмкіндік алды. Startup Alley аймағында жас кәсіпкерлер мен стартап негізін қалаушылар өз жобаларын таныстырып, әлеуетті инвесторлармен жүздесті. Ал, Startup Battle барысында үздік жобалар сынға түсіп, олардың бизнес-модельдері мен инновациялық шешімдері сарапшылар тарапынан бағаланды. Terricon V-Night бөлімінде бейресми жағдайда қатысушылар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, жаңа серіктестік байланыстар орнатты.

Terricon Connect  аймақта алғаш рет өткен стартаптар мен технология саласындағы мамандарды біріктірген кең ауқымды алаңға айналды. Қатысушылар инновациялық жобалармен танысып, болашақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын баса белгіледі. Мәселен, Борис Дипнер – «Ақылды тұрақтар» жүйесін әзірлеуші. Жоба кездейсоқ, тұрақ орындарындағы бос орынды білу қажеттілігінен туып, келе-келе smart жүйеге айналған. Пилоттық нұсқа бір айдан астам уақытта әзірленіп, қазіргі уақытта Достық үйінің тұрағында жұмыс істеп тұр. Жүйе кез келген тұрақ пен  қалаға оп-оңай бейімделеді. Әзірлеушінің айтуынша, бұл тосын ой оның жеке мәселесінен туындаған. Себебі, ол автокөлік жүргізушісі ретінде тұрақ іздеудің қиындығын едәуір сезінген болса керек. Бүгінде тың бизнес жобаны  Яндекс навигаторына интеграциялау туралы келіссөздер жүргізілуде.

 – Terricon Connect – нақты идеялар пайда көзіне айналатын, инновациялық шешімдер мен өзара ынтымақтастыққа толы бірегей кеңістік. Қатысушылар өздерінің жобаларын көрсетіп, озық ойын барынша жетілдіруге бағытталған құнды тәжірибе алмасады. Негізінде бұл тек қана стартаперлерге емес, сонымен қатар, болашақ кәсіпкерлерге де үлкен мотивация беріп, олардың идеяларын іске асыруға деген ынтасын арттырады. Яғни, форум жаңа бастамалардың дамуына және экономикалық өсімге айтарлықтай үлес қосады, – деді ол.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button