Бас тақырыпБасты тақырып

Облыс оқушылары халықаралық информатика олимпиадасында топ жарды

Қарағанды облысы әкімдігінің  баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласында өткен XVII Еуразиялық информатика олимпиадасында облыс оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды.

Сурет Батыр Ерденовтен

«Білім-инновация» мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрлан Даниял күміс медаль мен II дәрежелі дипломды жеңіп алды. Ал Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Алинұр Қалықов қола медаль мен III дәрежелі дипломға лайық деп танылды. Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Батыр Ерденов ең жоғары нәтиже көрсетіп,  команда құрамында бірінші орынды иеленіп, алтын медальмен марапатталды.

– Бұл олимпиада – Еуразия өңіріндегі алгоритмдік бағдарламалау бойынша ең беделді командалық жарыстардың бірі. Сайыс форматы ICPC деңгейіндегі халықаралық олимпиадаларға барынша жақын. Шектеулі уақыт ішінде біз 12 күрделі тапсырманы орындауымыз керек болды. Командамыз оның жетеуін сәтті шешіп, үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді. Соның арқасында алтын медальдарға ие болдық, – деді Батыр Ерденов.

Жеңімпаздың тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі Темірлан Мұқатайдың айтуынша,  оқушылар халықаралық деңгейде сенімді өнер көрсете алатынын дәлелдеді. “Бұл Қарағанды облысындағы мектеп оқушыларының ақпараттық технологиялар саласындағы дайындық деңгейінің жоғары екенін, сондай-ақ олардың ынтасы мен әлеуетінің зор екенін көрсетеді”, – деді Темірлан Мұқатай.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button