Білім

Облыс мектептері оқу жылына дайын ба?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қазірдің өзінде облыс мектептерінде жөндеу жұмыстары – қарқынды. Мәселен, төрт оқу орнында күрделі жөндеу мәресіне жетіп қалса, әлі ағымдық жөндеу жүріп жатқан 74 мектеп бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Ақпарова мәлімдеді.

 

Шынар Қуанышқызының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары Теміртау қаласының №32 орта мектебінде, Бұқар жырау ауданының А.Байтұрсынов атындағы, Нұра ауданының Ж.Аймауытұлы атындағы мектептерінде жүріп жатыр. Бұл тізімде облыстық №2 «Білім-инновация» мамандандырылған лицейі де бар. Ал, ғимараты апатқа ұшыраған №1 арнайы мектеп-интернатында дәл осындай күрделі жөндеу өткен жылдан бері жалғасып келеді. Бірақ, бұл оқу орны өкінішке қарай, 1 қыркүйекте қоңырау соғып, оқушыларын қабылдай алмайды. Себебі, жұмыстар 31 желтоқсанға дейін жалғасады деген болжам бар. Ал, оқушылары бұрынғы «Құлыншақ» балалар үйінің ғимаратында уақытша оқуды жалғастырады. Олар былтыр апатты жағдай орын алғанда дәл осы жерге ауыстырылған болатын.

– Осакаров ауданының № 28 орта мектебінде ғимаратты қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Төрт мектепте жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін жалғасады, – дейді Шынар Ақпарова.

Құзырлы орган өкілі жөндеу жұмысы аяқталмайтын тағы бір мектепті айтты. Ол – Осакаров ауданындағы №28 орта мектеп. Жұмыстарды аяқтау үшін әлі бір жыл қажет екен. Нақтылар болсақ, келесі жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша аталған мектеп оқушылары Молодежный кентінің Қаныш Сәтбаев және Абай атындағы мектептеріне ауыстырылып, тасымалдау да ұйымдастырылады.

Шынар Қуанышқызы Қарағандыда 400 орындық жаңа мектеп салынады деген жақсы жаңалығымен бөлісті брифинг барысында. Ол 1947 жылы салынған №44 апаттық мектептің орнына пайдалануға беріледі. Оқушылар уақытша №64 негізгі орта мектепке ауыстырылды.

Департамент басшысы ауыл мектептерінің жағдайына да тоқталды. Атап айтқанда, жылу қазандықтарына қатысты. Шынар Ақпарова ауылдық жерлердегі оқу орындарында қазандықтарды ғимараттардан қауіпсіз қашықтыққа шығару жалғасуда екенін айтады. Облыста осындай 32 мектеп бар.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, Саран, Бұқар жырау және Шет аудандарының үш мектебінде спорт залдарының құрылысы жүргізілуде. Департамент басшысы бұл мәселені бақылауда ұстаймыз деп отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button