Ресми

Облыс әкімінің орынбасары облыс жұртшылығын аналар мерекесімен құттықтады

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасы құттықтау дегеннен гөрі ой-толғауға жақын. Жазба авторының парасатты пайымдары мен дүниедегі Аналар ұлылығы туралы ордалы ойлары жүрек толқытты. Әйел-Ананың бағзы дәуірден басталатын даналығы мен бүгінгі қоғамдағы орны жайлы әсерлі ойларымен бөліскен.

Ыстық ықыласқа толы жазбаны қаз-қалпында назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел…
(бүгінгі таңғы тілегім)

Жалпы, АНАға деген құрмет, әйел затына деген қадір әу бастан адам баласының болмысына салынған көркем код, қанына сіңген қасиет деп білемін.

Кез келген өркениетті елдің даму өлшемі, парасат параметрі – осы Анаға деген сый-құрмет, ізет-ілтипаты болса керек. Онсыз меніңше, дүние – бос, өмір – бекер, дүние – мәнсіз. Ана – отбасы, ошақ қасымыздың ұйытқысы, алтын қазығы, ырыс-несібесі.

Заңғар Әуезов өткен ғасырдың басында «…адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деп жазады.

Әрине, одан бері ғасырдан аса уақыт өтті, дүние дидары өзгерді, замана ауысты. Бүгінде егемен елміз, зайырлы, әлеуметтік мемлекетпіз. Ана мен баланың өмірі мен денсаулығы, тұрмыстық жағдайы, қоғамдағы ролі мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде айқындалды. Күн өткен сайын бұл талап күшейе бермек. Түбінде әлемдегі ең бақытты ел, ең қайырымды қоғам біздің елде болады деп сенемін.

Қадірлі аналар! Аяулы арулар!

Ананың аялы алақанына жетер мейірім жоқ әлемде, анаңның «айналайын» деген сөзінен жылы сөз жоқ бұл дүниеде.

Ендеше, аналарымыз аман болсын!

Аяулы аруларымыздың жүзінен күлкі кетпесін, қабақтарыңызды мұң баспасын!

Мереке құтты болсын, асыл жандар!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button