Облыс әкімінің орынбасары Қарағанды академиясына барды
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов жұмыс сапарымен ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына барды.

Биыл аталған жоғарғы оқу орынының құрылғанына 55 жыл толады. Мерейтой қарсаңында облыс әкімінің орынбасары білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Атап айтсақ, киберқұқықбұзушылықты ауыздықтау мақсатында мамандарды даярлау үшін замануи цифрлық құралдармен жабдықталған дәрісханаларын, сот залы, шешендік өнер аудиториясы, мұражай және өзге де әлеуметтік нысанның әлеуетін көрді. Академиядағы оқытушылармен, профессорлық-оқытушылық құрамы мен академия курсанттарымен кездесті.
– Полиция академиясында жас курсанттармен өткен кездесуде қоғам, адами құндылықтар туралы біраз әңгіме қозғадық. Біраз дүниенің басын шалдық. Баласағұннан бастадық, өткенді өнеге қылдық. Тарихты түгендеп, бүгінмен байланыстырдық. Ал, болашақ көкірек көзі ояу, саналы, мемлекетшіл жастардың қолында екендігімен түйіндедік, – деді Ерлан Бейсенбайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz