Басты тақырыпЖаңалықтар

Облыс әкімінің айрықша құрметі

  Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ аймағымыздың бір топ нәзік жандылар қауымын қабылдап, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Шараға қатысушылар қатарында аймақ дамуына айрықша үлес қосқан белгілі тұлғалар, іскер әйелдер, сан алуан мамандықты игеріп, елге еңбек сіңірумен келе жатқан өңірімізге танымал қыз-келіншектер, аналар болды.

– Халықаралық әйелдер күні – біздің баршамыз үшін ерекше ыстық көктемгі мейрам. Себебі, бұл ең алдымен біздің аналарымыздың мерекесі. Ал, адамзат баласы үшін анадан ардақты, анадан қымбат ешкім жоқ. Ару қыздарымыз – өмірдің гүлі, асыл аналарымыз – көңілдің нұры. Дүниеге сәби әкеліп, ұрпағын тәрбиелейтін де, халықтың береке-бірлігін сақтайтын да – әйелдер. Сондықтан, болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетеді. Бүгінгі кездесуге қоғамның әр саласында қызмет істеп, үлкен ұжымдарды басқарып жүрген ардақты жандар, облысымыздың дамуына үлкен үлес қосып жүрген замандастарымыз келіп отыр. Баршаңызды Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбастарыңызға баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Өз кезегінде, Шет аудандық ауруханасының акушері Алма Жуканова, «Әсел» шаруа қожалығының басшысы Маруа Қанапьянова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық өндірістің кран машинисі Елена Семко, Сәтбаев қаласының кәсіпкері Меруерт Бақбергенова, АК-159/11 туберкулез ауруханасының басшысы Клара Хасенова мен «Нұрәсем» сән үйінің директоры Венера Исина аймақ басшысына алғыстарын білдіріп, атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Сонымен қатар, биыл Елбасымыздың Жарлығымен облысымыздың Виктория Когай, Айнагүл Хамитова, Сара Исакова, Галина Беспалова, Салтанат Дәулетбаева, Шырай Сәкенова есімді көп балалы аналары «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған еді. Облыс әкімі бұл азаматтардың есімін де атаусыз қалдырмай, өз қолымен сый-сияпат табыс етті.

Сөз соңында Нұрмұхамбет Қанапияұлы мереке иелерін тағы бір мәрте шын жүректен құттықтап, естелік фото-суретке түсті.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

3 пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button