Облыс әкімінің кеңесшісі тағайындалды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып Бекзат Қомарұлы АЛТЫНБЕКОВ тағайындалды.
Бекзат Алтынбеков 1973 жылы 8 сәуірде Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің тарих факультетін, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құқықтану факультетін тәмамдады. Тарих ғылымдарының кандидаты.
Облыс әкімінің жаңа кеңесшісі – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақ қатынас жолдары университетінің Жезқазған қаласындағы қашықтықтан оқыту және кәсіптік бағдар беру орталығының директоры, кәсіпкер.
ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Білім және ғылым министрлігінің «Білім меценаты», «Ұлт мақтанышы» медалінің, «Алтын жүрек» Ұлттық сыйлығының, «Бірлік», «Шапағат» медальдарының, Қазақстан мұғалімдер кеңесінің «Қоғам қайраткері», «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» медальдарының иегері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері.
Бекзат Қомарұлы көптеген қайырымдылық, демеушілік іс-шаралардың, әлеуметтік жобалардың ұйытқысы, ұйымдастырушысы ретінде тұрақты түрде қызмет етіп келеді. Соның бір көрінісі – 2019 жылы ғылыми-шығармашылық саланың өкілдерін қолдау мақсатында жалпы көлемі 8 млн. теңгені құрайтын «Тұлға» сыйлығын тағайындауы.
Бекзат Алтынбеков – қазақстандық патриотизмді іс жүзінде ұстанудың ерен үлгісін танытып, өзінің қажырлы еңбегі мен халқына деген қалтқысыз қызметі арқылы ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген азамат.