Облыс әкімі: Жыл соңына дейін экономикалық өсім 9,5%-ға жетуі тиіс
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жүзден астам кәсіпкермен бейресми жағдайда кездесті. Шара барысында аймақ басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, жаңа инвестициялық жобалар жайында айтты.

– Біздің облыстың да, еліміздің де экономикасын дамытатын – ең алдымен сіздер, кәсіпкерлер. Сол себепті өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндағым келеді. Мұны бизнес алдындағы есептің бір түрі деп қабылдаңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Ең басты міндетіміз – инвестиция тарту. Биылғы мақсат – көлемді 1,5 трлн теңгеге жеткізу. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың да үлесі бар. Қазір бізде инвестициялық жобалар пулын құрдық, менің жетекшілігіммен инвестштаб жұмыс істейді. Онда түрлі мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданады. Біз әрқашан ашық диалогқа дайынбыз және қолдау мен ынтымақтастықтың барлық тетіктерін қарастыруға әзірміз.
Өңірде шағын және орта бизнесті қолдауға биыл 14,5 млрд теңге бөлінді. Ал 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі жөнінен Қарағанды облысы республикада көш бастап тұр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жыл соңына дейін экономикалық өсім 9,5%-ға жетуі тиіс. Бұл мақсатқа кәсіпкерлермен бірлесе отырып қол жеткізу жоспарлануда.
Кәсіпкерлер де мұндай кездесулердің тиімділігін атап өтті.
– Бұл бастама өте орынды. Бизнес пен биліктің еркін жағдайда тікелей пікір алмасуы үлкен нәтиже береді. Кәсіпкерлікпен айналысқанда әрдайым шешімін қажет ететін мәселелер туындайды. Ең құрығанда, сол түйткілдер тыңдалып, тиісті шаралар қабылданатынын білу – үлкен мүмкіндік, – деді тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын WEC Trade компаниясының басшысы Вячеслав Цой.
Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев кездесулер тұрақты негізде өтетінін жеткізді.
– Біріншіден, кәсіпкерлер бір-бірімен танысып, өзара байланыс орната алады. Кей жағдайларда біздің бизнес өкілдері шикізатты шетелден немесе өзге қалалардан сатып алады. Ал мұны облыстың өзінен әлдеқайда тиімді әрі жылдам табуға болады. Екіншіден, осындай кездесулерде мемлекеттік қолдау шаралары мен преференциялар ашық талқыланады. Соның арқасында әр кәсіпкерді жеке білеміз – олар жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға әзір. Ақыр соңында, мұның бәрі өңірдің дамуы мен өркендеуіне ықпал етеді, – деді Асқар Ғазалиев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА