Жаңалықтар

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Саран тұрғындарымен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Саран тұрғындарымен соңғы рет жарты жыл бұрын кездесіпті. Осы уақытқа дейін қала тұрғындарының әлеуметтік, коммуналдық салаларға, білім беру, медицина және құқық қорғау органдарына қатысты сұрақтары жиналып қалыпты.

«Еркін микрофон» түріндегі диалог сарандықтарға қала әкімшілігінің жұмысына қатысты сын айтуға, мәселелерін өткір көтеруге мүмкіндік берді.

Әсіресе, қала тұрғындары өскелең ұрпақтың келешегіне қатысты мәселелер көтерді. Абай атындағы мектептегі спортзалдың құрылысы қашан аяқталатынын сұрады. Айта кетейік, жауапсыз мердігердің кесірінен барлық жұмыс тоқтап қалған болатын. Қарағанды облысы құрылыс басқармасының басшысы Мұрат Мағзин бұл мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді. Мердігердің үстінен сотқа талап-арыз берілді. Ал, қазір нысан құрылысына жаңа конкурс жарияланды.

Саран қаласының тағы бір тұрғыны баласын қазақ балабақшасының тобына бере алмай жүргенін айтып шағымданды. Қала балабақша үйлерінің бірінде қазақ тілінде оқытатын топтар жеткіліксіз. Жеңіс Қасымбек бұны білім басқармасына тексеруді бастау туралы тапсырма берді.

– Мен бұл мәселені тамыз айында көтердім. Қазақ топтары неге ашылмайтыны маған түсініксіз. Сонымен қатар, №1 мектепте әлі күнге дейін директор жоқ. Жағдайды қашан түзетесіз? Мен қалалық білім бөлімінің басшысын қызметінен босату туралы тапсырма бердім, бұл процесті жеделдетіңіз, – деді облыс басшысы білім басқармасының басшысына.

Облыс әкімі жақсы жаңалығымен де бөлісті. Екі жыл ішінде облысымызда 16 жаңа мектеп салынады. Оның 10-ы Қарағандыда, қалғаны аудандарда және Саран, Абай және Шахтинск қалаларында бой көтереді.

Шалғайдағы 106-шахта ауылының тұрғындары әкімнен балаларына мектепке дейін көлік керегін сұрады. Саран қаласында автобус шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Облыс басшысы шалғайдағы ауылдардан оқушыларды тасымалдау үшін 25 автобус сатып алғанын айтты. Болашақта балаларды мектепке тасымалдау мәселесі міндетті түрде шешілетінін айтты.

Тұрғындар орталық жылу қазандығын салу жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрады. Қала әкімі Ержан Темірханов қазандық осы жылдың желтоқсан айында құрылысы аяқталатынын алға тартты. Бірақ, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарына жылу беру келесі жылы басталатынын, екі жыл уақытқа жалғасатынын мәлімдеді.

– Менің басты міндетім – Саран экономикасын әртараптандыру. Жаңа зауыттар салу. Біз Қарағандыда жаңа кәсіпорындардың құрылысын барынша азайтатын боламыз. Саран, Абай, Шахтинск, Теміртау қалаларын дамытуды жалғастырамыз. Саран қазір индустрия саласында көш бастап тұр. Келесі жылы индустриялық аймақта тағы төрт өндірістің құрылысын бастаймыз. Көптеген проблемалар бар, бірақ біз оларды шешуге және сіздердің пікірлеріңізді әрқашан ескеруге дайынбыз, – деді Жеңіс Махмұдұлы кездесу түйінінде.

Кездесу соңында өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИ

САРАН қаласы

Басқа материалдар

Back to top button