Облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамту, коммуналдық қызметтердің сапасы және жұмысқа орналасу тақырыптары қозғалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.


Жеке қабылдауға облыстың әртүрлі аумақтарынан келген тұрғындар қатысты. Нұра ауданының өкілдері шаруашылық жүргізу мен жайылымдық жерлерге қатысты жер учаскелерін алу кезінде туындаған түйткілдерді жеткізді. Облыс әкімі аудандық әкімдікке және салалық басқармаға жағдайды жан-жақты зерделеп, заңнама талаптарына сәйкес нақты шешім әзірлеуді тапсырды.

Пришахтинск кентінің тұрғыны коммуналдық саладағы мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қабылдауға келген азаматтардың бірі жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету жөнінде өтініш білдірді.

Ермағанбет Бөлекпаев әкімдіктің жекеменшік ұйымдардың қызметіне араласпайтынын атап өтіп, жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындары шоғырланған Мансап орталығына жүгінуді ұсынды.

Қабылдау барысында медициналық көмек көрсетуге қатысты өтініштер де жеке қаралды. Осы бағыттағы өтініштерді тиісті қызметтер тексеріп, қажеттілік туындаған жағдайда оқиға орнына шығу тапсырылды.

Тұрғын үй мәселелері бойынша облыс әкімі кезек тізімін қалыптастыру «Отбасы банк» құзыретінде екенін, ал сатып алынған тұрғын үйлерді бөлу бекітілген тізімдерге сәйкес жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Қабылдау қорытындысында барлық өтініштер назарға алынды. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер жеке бақылауға алынды.

Жеке қабылдауға облыстық басқармалар басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қала және аудан әкімдері қатысты.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



