Облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады
“Қарағанды облысында халықпен тікелей және ашық диалог орнату дәстүрі жалғасуда. Кезекті жеке қабылдауда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады” деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Қабылдау барысында өңір басшысына кәсіпкер 10 гектар көлеміндегі қосымша жер телімін бөлу мәселесін көтерді. Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені жан-жақты зерттеуді және қажет болған жағдайда жергілікті жерде қарауды тиісті ведомстволарға тапсырды.

Сонымен қатар, қабылдауға келген инвестор Қарағанды қаласында мыс-алюминий зауытын салу жөніндегі жобасын таныстырып, оны іске асыруға қолдау сұрады.
Әкімнің айтуынша, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие.
– Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол инвесторлармен жеке кездесу өткізіп, жобаның барлық тұстарын егжей-тегжейлі талқылап, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін айқындауды ұсынды.

Кездесуде көтерілген барлық мәселелер тіркеуге алынып, жауапты органдарға тапсырылды. Бірқатар өтініштер сол жерде шешімін тапса, қалғандары бақылауға қойылды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


