Бас тақырыпРесми

Облыс әкімі су басу қаупі бар аймақтарды тікұшақпен бақылады

Қарағанды облысында су тасқынының басталуына байланысты жедел штаб жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Барлық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ТЖД бастығы Мұрат Қатпановпен бірге су басу қаупі бар учаскелерге тікұшақпен бақылау жүргізді.

Мұрат Қатпановтың айтуынша, өңірде көктемгі су тасқыны 18 наурызда басталған. Дәл сол кезден бастап тұрғындардан аула аумақтарын су басу қаупі туралы алғашқы өтініштер келе бастады.

– Жағдай 25 және 26 наурызда күрделене түсті. Шет ауданы Ағадыр кентінде және Қарағандыда су тасқыны байқалды. Екі жағдайда да қызыл су даладан келді. Ағадыр станциясында арық жүйесі қарқынды суды қабылдауға қауқары жетті, бірақ жекелеген учаскелерде қар суы арықтан асып төгілген жайттар да болды. 20 бірлік техника және 80-ге жуық адам тартылды. Қазір жағдай тұрақты. Қарағандыда Үштөбе ауылы жағынан үлкен көлемде еріген су келді. Нөсерағарлар бұл ауқымды көлемді қабылдауға шамасы жетпей қалды. Бұл өз кезегінде Кеншілер, Республика, Құрылысшылар даңғылдарын су басуына алып келді. 26 наурызда сағат 20:00-ге дейін ағын су көлемі төмендеді, – деді Мұрат Қатпанов.

Облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерін су басу деректері бар. Атап айтқанда, Осакаровка мен Молодежный кенті арасында қатты су ағыны жол жиектерін жартылай шайып кеткен. Қазір Ақтоғай және Шет аудандарының автожолдарында су тасқыны тіркелді.

– Облыстық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінде су тасу байқалады. Онда жол ұйымдарының қызметкерлері, ТЖД қызметкерлері кезекшілік етуде. Сондай-ақ, қажет болған жерлерде суды сорып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен тұрғындарға сақтық шараларын сақтау керектігін ескертемін. Штаттан тыс жағдайлар туындаған жағдайда дереу жергілікті атқарушы органдарға, оның ішінде әкімдіктер мен ТЖД-ға жүгіну қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Алдағы екі күнде өңірде ауа температурасы жоғарылайды, ішінара жауын-шашын болады деп күтілуде. Бұл су тасқыны жағдайына әсер етуі мүмкін.

Облыс тұрғындарынан су басу қаупі және еріген судың жиналуы туралы деректерді келесі телефон арқылы хабарлауды сұрайды: (8-7212) 43-36-36, 43-37-37, 112.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Видеолар: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button