АймақБас тақырыпШет

Облыс әкімі Шет ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылымдық жағдайы, ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету, газдандыру мәселесі   және халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ашық диалог форматында өткен халықпен кездесуде аймақ басшысы сауалдарға нақты жауап беріп, шешілу уақытын да айқындады.

Өткен жылы ауданның жеті елді мекеніне орталықтандырылған ауызсу тартылған болса, биыл тағы төрт ауылда жүргізілуде. Бұдан бөлек, халық саны аз жеті елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Үңірек ауылының тұрғындары елді мекендегі ескі су мұнарасы әбден тозып, шұғыл жөндеуді қажет ететінін жеткізді.

– Су мұнарасын жөндеу жұмыстары жеделдетіледі, қаржы қарастырылды. Бұл мәселе бақылауға алынады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жарық станциясы мен Сәкен Сейфуллин атындағы кент тұрғындары газдандыру мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, көгілдір отынға қосу бірнеше жылдан бері кейінге қалып отыр.

Облыс әкімі бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

– Конкурс аяқталып, мердігерлер анықталды. Жақын арада жұмыс басталады. Газды үйлерге жеткізу – бір бөлек, ал магистральді құбыр тарту – мүлде басқа міндет. Қазір қаржыландыру мәселелері қарастырылып жатыр, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Жарық станциясындағы ескі жанармай құю бекетінің жабылуы жүргізушілерге үлкен қолайсыздық туғызған.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде арнайы қызметкерсіз жұмыс істейтін автоматтандырылған ЖҚС бар. Мұндай бекетті орнатуға өтінім берілсе, ол ауыл тұрғындарына жанармайды өздігінен құюға әрі шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қазір Жезқазған – Қарағанды тас жолында жөндеу жұмыстары басталып жатыр, сондықтан бұл мәселе де ескеріледі.

Жол жөндеу жұмыстарына келсек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауқымды шаралар қолға алынған. Биыл Шет ауданындағы 13 елді мекенде кіреберіс және ішкі жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 50 шақырымнан астам жолға асфальт төселеді.

Кездесуде бұқаралық спорт тақырыбы да қозғалды. Қазір Ақсу-Аюлы ауылында жабық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Дәл осындай нысанды Ағадыр тұрғындары да қалайды.

– Жоспарда спорт кешенін салу қарастырылған. Алайда алдымен аса өзекті мәселелерді шешу қажет. Бұл – мектептерді жөндеу және көпір салу, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, кездесуде медициналық қызмет көрсету, ауылдық клубтарды жөндеу және өзге де әлеуметтік нысандар мәселесі талқыланды. Барлық сұраққа тиісті жауап берілді.

Жиын соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарға жиынға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, барлық ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button