Облыс әкімі Шет ауданына барды
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына барып, аудан тұрғындарымен кездесті әрі төтенше жағдайды жою жөнінде штабтың отырысын өткізді. Отырыста аймақ басшысы арнайы құрылған комиссияға төтенше жағдайдың салдарын жою үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, дүйсенбіге дейін келтірілген шығын мөлшерін анықтауға пәрмен берді.
Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров аудандық комиссия белсенді жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.
– Қазіргі таңда аудандық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Үйлерді техникалық тексеру аяқталды. Оны аккредиттелген ұйым жүргізеді. Ал, төлемді келесі аптада бастаймыз. Сонымен қатар, зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Жиында үй сатып алу немесе салу мәселесі де қарастырылды. Ал, ветеринариялық станция мамандарынан құрылған комиссия мал шығынын анықтады. Нәтижесінде, су тасқынынан 111 бас мал қырылып қалған. Оның ішінде жылқы – 22 бас. Одан бөлек, 72 басы – ұсақ, 17 басы – ірі қара малы. Енді келтірілген шығын иелеріне өтеледі.
Сонымен қатар, су тасқынының салдарынан бұзылған ауданның ішкі жолдарын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Жалпы аудан бойынша су тасқыны кезінде 39 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 45 мың дана құмды қап төселген. Қорғаныс үшін 2,5 мың тонна инертті материал жұмсалды.
Облыс басшысы Қайрақты ауылына да ат басын тіреді. Су басқан үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті.
Әрі тұрғындарға ешкімнің үйсіз қалмайтынын, барлық көмек түрлері көрсетілетінін баса айтты. Сонымен қатар, үйін су алған Қайрақты ауылының тұрғындарына көмір жеткізілді.
– Наурыздың 29-ында ауылды су басты. Содан бері жергілікті билік пен құтқарушылар бізбен үнемі бірге болды. Олар көмек көрсетіп, айналма жолды қалпына келтіруде. Келтірілген шығынды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бізге гуманитарлық көмек жинаған жандарға алғысым шексіз. Бұл – табиғи құбылыс. Ешкімді кінәлауға болмайды. Үй мен гаражымды су басты. Қорам бұзылды. Мал басын дер кезінде қауіпсіз жерге апарғанымнан аман қалды, – дейді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Әбжанов.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz