Облыс әкімі Румыния елшісімен кездесті
Румынияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мэдэлина Лупу Қарағанды облысына келді. Алғыс айту күні дипломатиялық ведомство басшысы Қарағанды қаласының Достық үйінде өткен «Мэрцишор-2025» румын мәдениетінің фестиваліне қатысты. Сондай-ақ, ресми сапар барысында қарағандылық жетекші университеттерде: техникалық, медициналық және Е. Бөкетов атындағы университеттерде болды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде гуманитарлық және экономикалық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

– Қарағанды облысы – инфрақұрылымы дамыған индустриялық өңір, өңдеу өнеркәсібі бойынша біз елімізде бірінші орында тұрмыз. Өсу әлеуеті зор. Қарағанды облысы өз өнімдерін әлемнің көптеген елдеріне экспорттайды. Мен қарадым: Румыниямен тауар айналымы шамалы. Жұмыс істеу керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
2017 жылдан бастап Трансильвания аймағындағы Румынияның Клуж-Напока қаласы Қарағандының бауырласы болып табылады. Өткен жылы оған қарағандылық делегация барып, әлеуетті түйісу нүктелері анықталды.
Мэдэлина Лупу ханым Қазақстан Румыния үшін стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Екі ел Транскаспий халықаралық көлік бағдарына кіреді. Елшінің пікірінше, Қарағанды облысында ірі аэрохаб құру жоспарын ескере отырып, логистика тұрғысынан мүмкіндіктер ашылуда.
Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары да бар. Ермағанбет Бөлекпаев университеттерден басқа өңірдің колледждерімен байланысты дамытуды қарастыруды ұсынды.
Ал экономика үшін румын технопарктерінің тәжірибесі қызықты болуы мүмкін.
– Біз Қарағандының үш университетінде болдық. Румыния тарихы туралы фильм көрсеттік. Студенттермен әйелдердің дипломатиядағы рөлі талқыланды. Менің ойымша, бұл тақырыптар жас ұрпақ үшін де, біздің қарым-қатынастарымызды дамыту үшін де өзекті. Бізде жоғары білім беру және экономикалық байланыстарды нығайту саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері бар, – деп атап өтті Мэдэлина Лупу.
Ермағанбет Бөлекпаев румыниялық бизнесмендерді мамыр айында жоспарланып отырған өңірлік инвестициялық форумға шақырды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі