АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыс әкімі: Әрбір мәселе заң аясында шешіледі

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев “Amanat” партиясының аймақтық филиалында азаматтарды жоспарлы түрде қабылдады. Мұндай кездесулер өңір басшылығы мен халық арасындағы тікелей байланысты нығайтып, тұрғындардың нақты мәселелерін жедел қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл форматтағы қабылдаулар тоқсан сайын өткізіліп тұрады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер алуан түрлі болды. Олардың қатарында тұрғын үймен қамтамасыз ету, Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, сондай-ақ еңбек құқықтарын қорғау секілді өмірлік маңызы бар сұрақтар болды. Әрбір өтініш арнайы тіркеуге алынып, тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданды.

Сонымен қатар, кездесуге шағын және орта бизнес өкілдері де қатысты. Олар кәсіпкерлік саласында кездесетін бірқатар жүйелі проблемаларды көтерді. Бұл мәселелердің ішінде қаржыландырудың қолжетімділігі, жер телімдерін рәсімдеудегі кедергілер, әкімшілік тосқауылдар мен реттеуші нормалардың қиындығы сияқты түйткілдер бар.

Кейбір сұрақтарға әкімдік пен ведомство өкілдері сол жерде түсініктеме берді. Ал күрделі және қосымша зерттеуді талап ететін мәселелер бақылауға алынды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әрбір өтініштің заң аясында қаралатынын ерекше атап өтті:

– Барлық мәселелер бақылауда. Біз жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, оның шешімін табуға тырысамыз, – деді өңір басшысы.

Мұндай форматтағы ашық диалогтар азаматтардың билікке деген сенімін арттырып, өңірлік басқарудың тиімділігін көрсетеді. Әкімнің бастамасы қоғамның шынайы қажеттіліктерін назарда ұстауға, нақты шешімдер қабылдауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Кездесудің қорытындысы бойынша, әкім аппараты мен тиісті құрылымдарға барлық өтініштер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл өңірдегі азаматтық үнқатысудың және ашық мемлекеттік басқарудың маңызды көрсеткіші болып отыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button