Облыс әкімі мен облыстық мәслихат төрағасының құттықтауы
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын!
Бұл көнеден келе жатқан айтулы мереке халқымыздың бірлігі мен ынтымағының айнымас белгісіндей. Наурыз – жыл басы, жаңару мезгілі.
Сонымен қатар, бәрімізді бірлік пен ынтымаққа, ауызбірлік пен тұрақтылыққа жетелейтін жаймашуақ көктем мерекесі. Ұлыстың ұлы күні ата-бабадан мұраға қалған тарихы терең, мән-маңызы жоғары салт-дәстүрлерге толы мейрам. Самарқанның көк тасы жібіп, күн мен түн теңеліп, жер аяғы кеңіп, ізгілік пен жасампаздық рухы төрімізде салтанат құратын аяулы шақ.
Наурыз – жүрек қуанышы мен жақсы жаңалықтарды бөлісетін, рухыңды тасытатын мейрам. Арқаңды қоздыратын ат бәйгесін, тартысқа толы көкпар ойынын, білекті балуандар күресі мен жүректі мергендердің нысана көздеуін, епті жастардың асық атып, аузымен құс тістеген от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындардың түйдек-түйдек сөз сайысын тамашалап, керемет бір күй кешетін мезгіл. Батагөй ақсақалдар жас буынға ақ батасын беріп, ел-мен жұртқа, төрт түлікке амандық тілейтін кезі. Ел арасында бұл күні Қыдыр ата әр үйге кіріп, өзімен бірге береке мен молшылық әкеледі деген сенім бар.
Осынау сиқырлы сәттерге толы жарқын мерекеде Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, мол жақсылық пен таусылмас бақыт тілейміз.
Қазақстанымыз өркендеп, дами берсін!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы.