Облыс әкімі кеншілермен кездесті
«Казахстанская» шахтасында орын алған қайғылы оқиғадан кейін кеншілер арасында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар сұрақ туындаған. Осыған байланысты аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев кеншілер, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығымен кездесті.
«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев кеншілер көтерген әр мәселеге жеке-жеке тоқталды. Кеншілер өздерін «Ескірген техника қашан ауыстырылады?», «Кәсіпорындарда қажетті кадр саны қашан қамтамасыз етіледі?» деген сұрақтар алаңдататынын жеткізді. Сондай-ақ, қызметкерлердің денсаулығын жақсартуды ұйымдастыруға байланысты мәселелер де жоқ емес.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Виктор Гафиулов пен компания өкілдері кадр тапшылығын жою және техниканы жаңарту шаралары жөнінде таратып айтты.
– Біз жұмыс тәртібінде шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселені атап өттік. Кәсіпорындардан нақты ақпарат дайындаймыз. Оларды «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы қарастырады деп ойлаймыз. Біз компаниямен ортақ мәмілеге келіп, шешімін табамыз деп үміттенеміз. Келіссөздер мәселені шешпесе, облыс әкімі шешуге қол ұшын беретінін айтты, – дейді Евгений Буслаев.
Аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы биліктің кеншілер жағында екенін баса айтты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz