АймақБас тақырыпБұқар жырау

Облыс әкімі Доскей ауылындағы су мәселесін жеке бақылауына алды

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Қарағанды облысында бұл мәселе жергілікті биліктің басты назарында тұр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инфрақұрылым жобаларын жеке бақылауына алып, әрбір түйткілді мәселені жіті қадағалап келеді. Бұған нақты мысал – Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында болып жатқан жұмыстар. Өңір басшысы жағдайды көзбен көру үшін ауылға арнайы облыстық прокуратура мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдерімен барды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Доскейдегі су құбырын қайта жаңарту жұмыстары өткен жылы аяқталды. Нысан қазір Доскей ауылдық округі әкімі аппаратының балансында тұр. Жаңа желілерге абоненттердің бір бөлігі қосылған, қайта қосуды тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

Ұңғымалардың бірінде мердігер кепілді міндеттемелер бойынша ақаулы сорғыны ауыстырды. Сонымен қатар, қуаттылығы жоғары жаңа терең сорғылар орнатылды.

Облыс әкімі мердігерлер мен авторлық қадағалауды тыңдады. Кездесуде ауыл тұрғындары тек су құбырына ғана қатысты емес сұрақтарын да ортаға салды.

Ермағанбет Бөлекпаев туған ауылының проблемаларын көтеріп, сындарлы әрекет етуге тырысатын бастамашыл топқа алғысын білдірді.

– Сіздердің ауыл тынысына немқұрайлы қарамайтындарыңыз өте маңызды! – деді облыс әкімі. – Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қатысуымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын.

Доскейде кәріз желілерін қайта жаңарту жобасы да бақылауда. Жұмыстар өткен жылы басталған, биыл аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда алты көшеге жаңа құбырлар салынып, құдықтар орнатылды.

Облыс әкіміне жол жұмыстары туралы да баяндалды. «Қарағанды – Тоғызқұдық – Ботақара» жолы, соның ішінде Доскей арқылы өтетін учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауылда 7 шақырым жол ретке келтіріледі.

Кейін Ермағанбет Бөлекпаев тағы да Доскейге келіп, тұрғындармен кездесіп, нәтижесін жеке өзі тексеретінін айтты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button