Облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған жағдайға қатысты пікір білдіріп, мәселе бойынша тексеру мен тергеу толық аяқталмайынша, асығыс қорытынды жасауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, барлық мән-жай анықталғаннан кейін ғана тиісті құқықтық баға беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Тәртіп бұзушылық бар және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі, – деді өңір басшысы аппараттық кеңес барысында.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.
– Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет, – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



