Облыс әкімі қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Қарағанды облысында қаржы саласының мамандары кәсіби мерекелеріне орай марапатталды. Оларға ведомстволық наградалар, облыс әкімі атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.


— Қаржы жүйесі – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі. Сіздердің кәсібиліктеріңізге, жауапкершіліктеріңіз бен есеп-қисаптағы дәлдіктеріңізге бюджет тұрақтылығы, ресурстарды тиімді басқару, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық бастамалардың жүзеге асырылуы тікелей байланысты. Өңірдің әр жетістігінің астарында қаржы саласы мамандарының күнделікті, тынымсыз еңбегі тұр. Сіздердің өңірдің және тұтастай елдің экономикалық өркендеуіне қосып отырған еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болып, табыстарыңыз еселене берсін! — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақтың бірқатар қаржы қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық саланың дамуына қосқан үлесі үшін» және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының «Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бюджет атқарылуы бойынша есептілік бөлімінің басшысы Гүлбаршын Мизамбаеваға табысталды. Ол бұл салаға 40 жыл өмірін арнап, зейнеткерлікке шыққан соң да жұмысын жалғастырып келеді. Тәжірибелі маман бір емес, бірнеше буын қаржыгерлерді тәрбиеледі.
— Еңбек жолымды Егіндібұлақ ауылында бастадым, ал 1997 жылы басқармаға ауыстым. Барлық әріптестерімді, қаржы және банк саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Экономикамыздың дамуы мен теңгенің тұрақтылығы арта берсін! Әр отбасында молшылық, өсім мен береке болсын! — деді Гүлбаршын Мизамбаева.
Бұқар жырау ауданындағы қаржы секторы үшін 20 жыл бойы жауапты болып келе жатқан Нұргүл Абдрахманова еңбек жолын аудан әкімдігі аппаратының экономика бөлімінде маман ретінде бастаған. Қазір ол ауданның қаржы-шаруашылық қамтамасыз ету, азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бөлімін басқарады.

— Біздің ұжым өте ұйымшыл және тату. Ақылды, білімді, алғыр жастар өте көп. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, молшылық пен отбасы амандығын тілеймін. Еңбектеріңіз қуаныш пен шабыт сыйласын! — деді Нұргүл Абдрахманова.
Қазақстанда Қаржыгер күні мен Ұлттық валюта күні 15 қарашада аталып өтеді.
1993 жылдың дәл осы күнінде теңге айналымға енгізілген болатын.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



