Облыс әкімі Ақтоғай ауданындағы инфрақұрылым жобаларымен танысты
Ақтоғай ауданында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алды. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен 100% қамтамасыз ету – биылғы басты мақсаттардың бірі.

2024 жылы Қуаныш және Ақтұмсық ауылдарында сумен жабдықтау жүйелері толық аяқталды. Сонымен қатар, сегіз шағын елді мекенде кешенді блокты-модульді станциялар орнатылып жатыр. Аудан орталығында орталық су құбырының төртінші кезеңі салынуда.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Ақтоғай ауданына жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Әкім Ақтоғай ауылындағы жаңа шағын ауданға барды. Бұл жерде су, жылу, кәріз желілері мен қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, электр желілері мен қосалқы станциялардың құрылысы да жүргізілуде.
Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй – басты назарда. Былтыр ауданда 107 пәтерлік 13 үй пайдалануға берілсе, биыл 60 пәтердің кілтін тапсыру көзделіп отыр. Ақтоғайда 12 пәтерлі және 14 екі пәтерлі үй салынып жатыр. Сарышағанда – екі көпқабатты үй, Шашубай кентінде бес қабатты тұрғын үйді қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
– Жаңа шағын ауданда 18 үй пайдалануға берілді. Шашубайда жөндеуден өткен үйді аяқтаған соң, кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Абылай Аманжолов.
Ауданның басқа да салалары назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Ақтоғай шаруашылығының орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы жұмысымен танысып, жаңадан салынып жатқан әкімшілік ғимаратты көрді. 1975 жылдан бері алғаш рет бой көтеріп жатқан бұл нысанда шатыр және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау – басты басымдықтардың бірі. Ермағанбет Бөлекпаев аудандық ауруханаға барып, ондағы жағдайды көрді. Соңғы жылдары жұқпалы аурулар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтті, құрал-жабдықтар жаңартылды. Жас мамандарды тарту үшін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй ұсынылуда. Алайда әлі де кадр тапшылығы бар: ауданға акушер-гинеколог, жалпы тәжірибе дәрігері және инфекционист қажет.
Жас дәрігер Әлихан Махамбет – Балқаштан келген жас маман. Ол 2024 жылы Қарағанды медицина университетін бітіріп, Ақтоғай аудандық ауруханасына терапевт болып орналасқан.
– Мен қиындықтардан қорықпаймын. Екінші курстан бастап санитар болып жұмыс істедім. Ақтоғайды өзім таңдадым. Маған мұндағы жағдай ұнады. Үй берілді, 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алдым. Ауылда жұмыс істеу – үлкен тәжірибе, – дейді Әлихан.
Денсаулық сақтау нысандарын дамыту жалғасуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тоғыз ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек пункттері (ФАП) салынып жатыр.
Облыс әкімі сондай-ақ аграрлық-техникалық колледжге барды. Мұнда 79 студент ауыл шаруашылығы, ветеринария, электрмен жабдықтау, көлікке техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу және IT мамандықтары бойынша білім алуда. Қазіргі таңда колледжде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ауданда ірі экологиялық жоба – Тоқырауын өзенін санациялау жұмыстары жүргізілуде. Қазір жобаның 65%-ы орындалды. Тазарту шараларымен қатар, өзен түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұл – су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған шара. Жобаны қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА