Облыс әкімі ақпарат саласының аруларын мерекемен құттықтады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ақпарат саласында еңбек етіп жүрген аруларға құрмет көрсетті. Мерекелік кездесуде өңір басшысы журналистерге гүл шоқтары мен арнайы сертификаттар табыстап, көктемнің шуақты мейрамымен шын жүректен құттықтады.


Аймақ басшысы өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– Алдымен барша нәзік жанды келе жатқан көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды ерекше атап өткім келеді. Сіздер қоғамдық пікір қалыптастырып, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, ақпарат кеңістігінің дамуына зор үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз әрдайым бағаланып, халықтың сенімі мен құрметіне бөлене берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасы амандығын, шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тілеймін. Атқарып жүрген жұмыстарыңыз қоғам игілігіне қызмет ете берсін, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Сонымен қатар, облыс әкімі журналистерге ашық диалогқа дайын екенін білдіріп, ұсыныс-пікірлері мен сұрақтарына жауап беруге әзір екенін жеткізді.

Кездесу барысында газет, сайт, телеарна және радиода қызмет атқаратын журналистер Қарағандының дамуына қатысты көптеген өзекті сауалдар қойды. Әсіресе, қаланың сәулеттік келбеті, тарихи нысандарды сақтау, урбанизация үдерісі, экологиялық ахуал сынды маңызды тақырыптар кеңінен қозғалды.
Журналистер Гагарин алаңы аумағындағы жаңа ғимараттың қаланың жалпы сәулеттік ансамблімен үйлесімі туралы пікірін сұрады.
– Бұл мәселені сәулетшілермен бірге талқыладық. Ғимарат заманауи стильде салынған, көлемді нысан екені рас. Қазіргі архитектура бұрынғы құрылыс тәсілдерінен өзгеше. Менің білуімше, онда заманауи медициналық орталық орналасқан, барлық тиісті рұқсат құжаттары бар. Ансамбльден ерекшеленетінімен келісемін. Дегенмен, бүгінгі заман талабына сай ғимараттардың да өз орны бар. Қазір ол жерге LED-экран орнатылып жатыр деп естідім. Сондықтан бұл мәселеге біржақты баға беру қиын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ журналистер соңғы жылдары қала келбетінің айтарлықтай өзгеріп жатқанын, жаңа шағын аудандар бой көтергенімен, тарихи келбетті сақтау мәселесі қаншалықты назарда екенін сұрады.
Аймақ басшысы урбанизация – әлемдік үрдіс екенін атап өтті. Қала өсіп, дамыған сайын жаңа нысандар салынатынын, алайда тарихи маңызы бар ғимараттарды сақтау назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда реновация бағдарламасы қарастырылуда. Сондай-ақ, тозығы жеткен үйлер сүріліп, орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Қала тұрғындарына өз көлемдерінде баспана беріледі. Сонымен қатар, жер асты қазбалары бар аумақтарда құрылыс жүргізуге шектеулер бар екені де ескерілді.

– Тарихи нысандарды сақтауға тырысамыз. Мәселен, салық басқармасының ғимаратына қатысты түрлі ұсыныстар болды, алайда оны бұзуға жол бермедік. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді өңір басшысы.
Кездесуде қаланың сан жылдан бергі басты мәселесі экологиялық ахуалы да назардан тыс қалмады. Журналистер қала ауасының ластануы туралы сауал қойып, атмосфералық жағдайға қатысты нақты шаралар жайын сұрады.


– Экологиялық мәселелер тарихи тұрғыдан бар екені рас. Қазір пайдаланылмай жатқан ескі үйінділер мен өндірістік аумақтарды ретке келтіру қажет. Бұл бағытта нақты жоспар әзірленіп жатыр. Экологтармен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Ресми мәлімет бойынша көрсеткіштер рұқсат етілген нормадан аспайды. Дегенмен, қалада тұман (смог) бар екенін жоққа шығара алмаймын. Қалада шамамен 200-ге жуық қазандық бар, олардың барлығы 4-санатқа жатады. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда: алдымен жеке тұрғын үйлер, кейін өзге нысандар қосылады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жалпы, кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтіп, журналистер Қарағандының әлеуметтік-экономикалық дамуы, құрылысы, экология және инфрақұрылым мәселелері бойынша нақты жауаптар алды.
Кездесу соңында ақпарат саласының өкілдері мереке қарсаңындағы құрмет пен ашық әңгіме үшін аймақ басшысына алғыс білдірді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



