АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыс әкімі: «2% салық мөлшерлемесін сақтауды ұсынамыз»

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Instagram желісінде қоғам белсендісі әрі салық саласының сарапшысы Айжан Балакешовамен тікелей эфир өткізді. Өңір басшысы биліктің ашық диалогқа әрдайым дайын екенін атап өтті. Бір сағатқа созылған эфир барысында ол кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевпен бірге шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Тікелей эфирді 1500-ден астам көрермен тамашалады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Қоғам белсендісімен бірге тікелей эфирге шыққаныңыз үшін алғыс айтамын! Бұл облыс әкімі ретіндегі сізге деген азаматтардың сенімін арттырады, – деді модератор Айжан Балакешова.

Бөлекпаев бұл формат өзекті мәселелерді халықтың өз аузынан естуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

–  Біз әрқашан ынтымақтастыққа дайынбыз. Түрлі алаңдарда жиі кездесіп жүрміз, алайда дәл осындай форматта алғаш рет сөйлесіп отырмыз. Осы диалогты ұйымдастырғандарыңыз үшін рақмет, – деді өңір басшысы.

Эфир барысында ШОБ-ты қолдау бағдарламаларының аймақта жүзеге асырылуы, инвестиция тарту үдерістері, жергілікті өнімді ілгерілету тетіктері және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

Модератор әкімнің картон қаптама шығаратын зауытқа барған сапары кезінде әлеуетті серіктес болуы мүмкін кәсіпорынға тікелей қоңырау шалғанын еске салып, мұндай қадамдардың жиілігі жөнінде сұрақ қойды.

– Құпия ештеңе жоқ. Қоңырау соғылған кәсіпорын – Саран қаласындағы тұрмыстық техника зауыты, ол да біздің өңірдің өндірісі. Олар ынтымақтастық ниетін растады. Неге көмектеспеске? Өнім сапасы жақсы. Заң аясында өз тауар өндірушілерімізді қолдауды жалғастыра береміз, – деп түсіндірді Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз үшін кез келген бизнес маңызды, өйткені бұл тұрғындар үшін жұмыс орындарын құрады. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп негізгі басымдыққа ие.

Эфир барысында әкім жаңа арнайы салық режиміне байланысты мөлшерлемені 2% деңгейінде қалдыру жөнінде шешім қабылданатынын да хабарлады.

– 2% мөлшерлемені бекіткен кезде облыстың сауда саласы бойынша ел бойынша 3–4-орында тұрғанын ескердік. Бұл секторда 230 мыңға жуық адам еңбек етеді. Шешімнің тиімді тұстарын жан-жақты сараладық. Университет мамандары жүргізген талдау да бар. Бастысы, өңірде іскерлік белсенділік бәсеңдемей, жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Сол себепті маслихаттарға мөлшерлемені 2% деңгейінде қалдыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпкерлер үшін тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар ол «конверттегі жалақы» мәселесіне тоқталып, мұндай тәжірибе салықтан жалтаруға әкелетінін және қызметкерлердің өздеріне де зиян тигізетінін атап өтті. Бұл болашақтағы зейнетақы көлеміне тікелей әсер етеді. Өңір басшысы барлық кәсіпкерді заң аясында, ашық жұмыс істеуге шақырды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button