АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыс кәсіпкерлерін Германияда тағылымдамадан өтуге шақырады

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы аясында Германияда бизнес-тағылымдамадан өтуге ниетті кәсіпкерлерден өтінім қабылдауды бастады. Бағдарлама қатысушыларға Германияда тегін оқып, шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Тағылымдамаға басқару тәжірибесі бар, шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылары қатыса алады. Үміткерлердің орташа жылдық табысы кемінде 10 мың айлық есептік көрсеткішті құрауы тиіс. Сондай-ақ келіссөздер жүргізуге және басқарушылық шешімдер қабылдауға өкілеттігі болуы маңызды талаптардың бірі саналады.

Қарағанды облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бағдарлама қатысушыларға Германияның іскерлік ортасына енуге, бизнесті жүргізудің үздік тәжірибелерін зерделеуге, алдыңғы қатарлы өндіріс орындарын аралауға және неміс компанияларымен тікелей байланыс орнатуға жол ашады.

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады: алғашқысы — неміс бизнес-даму орталықтарының базасында өтетін бес апталық онлайн оқыту, екіншісі — Германияда үш аптаға созылатын офлайн тағылымдама.

Биыл бағдарлама аясында төрт басым бағыт айқындалған:

– жасыл технологиялар мен өнеркәсіп;

– денсаулық сақтау;

– ақылды ауыл шаруашылығы;

– әйелдер кәсіпкерлігін қолдау.

Соңғы жылдары «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы арқылы Қарағанды облысынан төрт кәсіпкер тағылымдамадан өткен. Атап айтқанда, «Инкар 1», Compass Solutions ltd, «АЗИЯ-СМ» және Q-Inspection компанияларының басшылары Германияда кәсіби тәжірибе жинақтаған.

Өтінімді Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңсесіне тапсыруға немесе karaganda@atameken.kz электрондық поштасына жолдауға болады.

Байланыс телефоны: (8-7212) 50-64-18.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button