Бас тақырып

Облыс экономикасына 679,1 млрд. теңге инвестиция құйылған

Қарағанды облысының экономикасы тұрақты дамып келеді. Өнеркәсіптік өндіріс пен инвестиция көлемі  өсуде. Екі жаңа кәсіпорын жұмыс істей бастады. Бұл полиэтилен құбырларын өндіретін және  болат су жылытатын газ қазандықтарын шығаратын кәсіпорындар.  Тағы сегіз жоба іске қосылады деп күтілуде. Қарметке жаңа инвестордың келуімен тоқтап тұрған кеніштер қалпына келтірілді. Жаңа инвестордың келуімен Qarmet компаниясында жұмыс істемеген шахталар қалпына келтірілді. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен тікелей эфирдегі брифингте «Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» айтып берді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Қарағанды өңірі еліміздің индустралдық орталығы. Өнеркәсіп ошағы. Дегенмен, өңірдің даму көкжиегі әлі де кең. Мысалы, біздің өңір ауыл шаруашылы саласында республика бойынша VII орында тұр. Біз бұл саланың әлеуетін одан әрі көтеруді қолға алдық. Бұдан бөлек, облыстағы шағын және орта кәсіп қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Әрбір екінші қарағандылық кәсіп саласында – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Сонымен қатар, жыл басынан бері облыстың экономикасына 679,1 млрд. теңге инвестиция құйылғандығын баса айтты.

– Бұл өткен жылдағы осы  кезеңімен салыстырғанда 14,6 %-ға артық. Облыс картасында екі жаңа кәсіпорын пайда болды. Жыл соңына 200 млрд теңгеден астам  инвестиция тартылған  тағы 8 жобаны іске қосамыз. Бұл  2600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.  Ірі жобалардың қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттар бар. Жыл басынан бері экономиканың өсуі 13,1 % құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн. теңгеден асты. Негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл – 2,2 трлн. теңге, – деді өңір басшысы.

Одан бөлек, Qarmet компаниясының қызметіне де жеке тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, былтыр  Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірдегі ең ірі Qarmet кәсіпорнында инвестор ауысып, алып кәсіпорында қайта жаңғыру басталды. Металлургиялық комбинатта шойын, болат және жалпақ прокат өндірісі артты .Жаңа инвесторға ауысқан кезде сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді.  Қазір  жеті шахта жұмыс істеп тұр. Ұңғыма кенжарларының саны 11-ден 45-ке дейін ұлғайтылды. Бұл болашаққа арналған негіз, ол шахталардың көп жылдар бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кеншілердің қауіпсіздігі үшін іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. Қазір бұл жүйе «Қазақстан» және «Күзембаев» атындағы екі шахтада жұмыс істейді.  Келесі жылы барлық шахталар қамтылмақшы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button