Жаңалықтар

Облыс бюджеті нақтыланды

Кеше облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ төрағалығымен онлайн режимінде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХVII сессиясына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысты. Өзінің кіріспе сөзінде сессия төрағасы Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесіне қатысты ой-толғамын ортаға салып, Мемлекет басшысының елдегі төтенше жағдайға байланысты азаматтар мен бизнеске нақты қолдау көрсету жөніндегі нақты шешімдері туралы орнықты пікір білдірді.

Серік Өтешов атап өткендей, бұл – қазіргі ахуалды мүлтіксіз бақылауда ұстаумен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі қарқынды дамуы бағытындағы жұмыстарды жүргізуге мол мүмкіндік беретін аса ауқымды ісәрекеттер жоспары.

Кезектен тыс сессия жұмысына облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдері қатысты.

Күн тәртібіне «Қарағанды облыстық мәслихатының 2019 жылдың 12 желтоқсанындағы «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №475 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе шығарылып, талқыға салынды.

Облыстық мәслихаттың депутаттар корпусының назарына төтенше жағдай ахуалында азаматтарға, сондай-ақ, бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған қосымша шаралардың кешенді жобасы ұсынылды.

Өзекті мәселе жан-жақты қарастырылып, тиісінше, тиімді шешім қабылданды.

 «Қазіргі жағдайда Президент мәлімдемесіндегі бастамалардың сапалы жүзеге асырылуы айрықша маңызға ие. Бұл жұмыс мемлекеттік органдар, депутаттар корпусы және бизнес құрылымдардың иық тірестіре, тізе қоса қимылдауын талап етеді. Мемлекет тарапынан қолға алынған шынайы қолдау шараларының мәні мен маңызы тұрғындардың түрлі санаттарына, әр сала жұмысшылары мен мамандарына түсінікті түрде жеткізілуі тиіс» – деді Серік Балғатайұлы халық қалаулыларының басты жиынындағы өзінің қорытынды сөзінде.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button