Облыс аумағында 286 діни бірлестік тіркелген
Рухани келісім – Қазақстан халқының бірлігі мен өзара түсіністігін бейнелейді. Бұл – еліміздегі түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі, өзара құрмет, мәдениетін нығайтудың символына айналды. Мемлекет үшін діни сенім, бостандық, азаматтардың ар-ождан құқығы – басымдықтардың бірі. Еліміздің басты байлығы – татулық, тұрақтылық және келісім. Осы құндылықтар Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуының негізі.

Жаңа қазақстандық тәжірибе
Қазіргі геосаяси жағдай әлем елдерін қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің балама жолдарын іздеуге жетелейді. Қалыптасқан әскери қауіпсіздік концепциялары өз тиімділігін шектеп жатқан заманда, Қазақстан «жайлы қауіпсіздік» (soft security) деп аталатын жаңа үлгіге негізделген бірегей модель қалыптастыруда. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның, оның ішінде, азаматтық сектордың, діни бірлестіктердің, жастар ұйымдарының, сараптамалық орталықтардың ортақ жауапкершілігін көздейтін серіктестікке негізделген тәсіл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында азаматтық қоғамды дамытуды, қоғамдық келісімді нығайтуды және оған төнетін қауіптің алдын алу шараларын күшейтуді еліміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі факторлары ретінде айқындады. Бұл білім беруден бастап, діни саясат пен ақпараттық қауіпсіздікке дейінгі барлық салада нақты іске асуда. Дерекке сүйенсек, екі жыл бұрын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен іске қосылған «Серіктестік арқылы бейбітшілік: Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» жобасы еліміздегі қауіпсіздіктің жаңа үлгісінің практикалық негізіне айналды.
Бұл жоба алғаш рет мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, халықаралық серіктестерді және
сарапшылар қауымын бір ортаға тоғыстырып, гуманитарлық қауіпсіздік пен алдын алу шараларын жүйелі түрде іске асыратын тұрақты алаң құрды. Осы жұмыс нәтижесінде Қазақстан ҮЕҰ Консорциумы дүниеге келді. Бүгінде Консорциум 20-дан астам ұйымды біріктіріп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда, діни радикализм мен экстремизмге қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізуде жетекші рөл атқарып отыр.
Жобаның табысты жүзеге асырылуы оның халықаралық деңгейде мойындалуына да жол ашты. Консорциум мен Ұлыбританиядағы ConnectFutures қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум, Search for Common Ground, Internews, The London Post секілді беделді ұйымдардың қолдауы – Қазақстан тәжірибесінің сұранысқа ие екенін аңғартады. Атап айтқанда, Internews ұйымының медиасауаттылық бағытындағы жұмысы өңірлік қауіпсіздік пен жастарды қорғауда ақпараттық қауіпсіздіктің рөлін ерекше көрсетті.
– Қазақстанда бүгінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа үлгісі құрылып жатыр. Бұл – сенім мен серіктестікке негізделген жүйе. Облыс аумағында біз діни бірлестіктермен, жастар ұйымдарымен,
жергілікті әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Азаматтық борышын, нақты жұмысын адал орындау – бұл әр ұйымның, әр азаматтың жауапкершілігі. Біз радикализмге қорқынышпен емес, біліммен жауап беруіміз керек. Консорциум осы жолда нақты нәтижелерге жеткен, әлемдік деңгейде мойындалған платформаға айналды, – деді «Қазақстан азаматтары» қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Полтаренко.
Келісім – тұрақтылық тірегі
Қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік келісім – ел дамуының басты алғышарттарының бірі. Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында елдегі конфессияаралық татулық пен этносаралық бірлікті сақтаудың маңыздылығын ерекше атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде дінаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сол қатарда Қарағанды облысы конфессияаралық келісім мен діни әртүрлілікке құрметпен қараудың жарқын үлгісі болып отыр. Қарағанды – Қазақстанның ең көпұлтты және көпконфессиялы өңірлерінің бірі. Мұнда 100-ден астам этнос өкілі мен 15 түрлі діни конфессияның өкілдері бейбіт әрі тату өмір сүріп келеді. Бұл демографиялық ерекшелік әрі аймақтың рухани байлығы мен азаматтық санасының биік деңгейін көрсетеді. Бүгінде облыс аумағында 286 діни бірлестік тіркелген, олардың қарамағында 235 діни нысан жұмыс істейді. Бұл – аймақ тұрғындарының діни сенім бостандығына толық қолжетімділігін көрсететін нақты көрсеткіш. Діни сан алуандылықты дұрыс бағытқа бұру, оны тұрақтылықтың факторы ретінде пайдалану – облыстық дін істері басқармасының күнделікті жұмысының өзегі.
– Қарағанды облысында конфессияаралық келісім мен діни төзімділік – мемлекеттік саясаттың бір бағыты әрі өмір сүру салтымыздың бір көрінісі.
Барлық діни бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, олардың құқығы мен мүддесін қорғап, өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың негізінде дамуға күш саламыз. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында дін саласындағы саясатты жаңғыртуға, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылдануда, – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай.
Басқарма ұсынған дерек бойынша, 2025 жылдың өзінде облыста 5 149 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, 300 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл – діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, халық арасында өзара құрмет пен бейбіт өмір сүру мәдениетін орнықтыруға бағытталған кешенді жұмыстар.
Диалог – діңгек
Облыста діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Осы бағытта облыс аумағындағы діни бірлестіктер клубы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл клуб түрлі конфессия өкілдері арасындағы ашық диалогты дамытуда, бейбітшілікті насихаттауда маңызды. 2025 жылы клуб 6 отырыс өткізіп, 62 қайырымдылық шарасын ұйымдастырған. Сонымен қатар, діни ұйымдар мемлекеттік мерекелер мен қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүр. Бұл дәстүр қоғамдағы өзара түсіністік пен рухани тұтастықты нығайтуға ықпал етуде. Діни келісімді нығайту жолында азаматтық қоғам институттарының да рөлі айрықша. Олар мемлекеттік құрылымдармен иықтаса жұмыс істеп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді.
– Облыстағы түрлі конфессия өкілдері қатар өмір сүрумен бірге, бір-бірін құрметтеуді, ортақ мәселелерді бірлесе шешуді үйренген. Бұл – ұзақ жылдар бойғы сенімге, өзара құрметке негізделген еңбектің нәтижесі. Азаматтық қоғам ретінде біз мемлекеттің бастамаларын қолдап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, жастармен, ата-аналармен, діни ұйымдармен жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл ортақ міндет – ел тұрақтылығы үшін әр азаматтың жауапкершілігі, – дейді Дмитрий Полтаренко.
Тәуелсіз зерттеу ұйымдарының 2025 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалары Қарағанды облысындағы
конфессияаралық келісімнің жоғары деңгейін нақты көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 92,1%- ы діни төзімділік идеясын қолдайтынын және бұл қоғам тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтқан. Бүгінде аймақ келісім мен рухани тұтастықты сақтаудың озық үлгісін көрсетіп отыр.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»