Басты тақырыпТұлға

Обкомның соңғы оғланы

Атыңнан айналайын, Қарқаралы…”

(Мәди).

Бұл тұқымның маңдайына жылда бір елге көш түзеу жазылған ғой? – деп еді шешем Һалифа 1978 жылы Қарқаралыға табанымыз тиген күні, – 1948 жылы, Гүлғайын* туған соң, Жаңатоғаннан Ақтоғайға бет алып едік. Отыз жылдан кейін, міне, Қарқаралыға қайтып келдік…

Шешеміз ентікпе деген дауасыз дертке ұшырап, ауасы ем болар деп, жер ауыстырып, Жиренсақал тауының етегіне келіп, көш басын тіреп едік.

Комсомол шыңы ғой бұл! – деген шешем көгілдір тауларға сүйсіне көз тігіп. – Қасиетті Қарқаралы – осы! Мен осыдан отыз төрт жыл бұрын осы елге келін боп түскем… Әкең онда Ұзынбұлақта басқарма болатын…

Бөтен жер, бөгде орта. Бауыр баса алмай, біраз дағдардық.

Сол жылы Алматыда Ақтоғай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Жаманқұл Шайдаровпен кездесіп қалдым. Ескі үкімет үйінің алдындағы гүлбақта серуендеп жүр екен. Көзге ыстық, еркелеп жүріп, етене жақын болып кеткен ел ағасына жүгіріп барып, сәлем бергем:

Серік! Сен қайда жүрсің? – деген. Көзі өткір кісі еді, өңменімнен өтіп кете жаздады.

Қарқаралыға көшіп кеткенбіз…

Неге?

Шешемнің денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер жер ауыстыру керек деген соң…

Қарқаралы мен Қызыларайдың айырмасы бар ма?! – деді Жәкең жақтырмай, – Дереу елге қайт!

Кір жуып, кіндік кескен елімнен осы Жәкеңнен басқа тірі пенде іздемеді мені!

Жұмыс таба алмай Жиренсақал мен Қарқаралы, Қарағайлының арасында біраз сандалғаным әлі есімде…

Сайран менің он сегізім

Аққудайын айнакөлде

Ақтоғайға арбалды.

Орда бұзар отыз жасым,

Қамал алар қырық жасым

Қарқаралыда қалған-ды.

Қазыбек би жоқ,

Әйтеке би де, Төле де,

Алдына барып бақ сынар.

Тоталитаризм – төбеде.

Төрімде кілең – қабағын түйген

хатшылар!

Біреуге ұнар, ұнамас,

Түнектен Күнді шолғанда, –

Содан да қалған мына бас

Адыра қалмас Алашы азат

болғанда?!.

О да бір ойран кез еді.

Өртендім – күйдім.

Егілдім – сүйдім, лақылдап.

Жанымның жасын кезеңі

Өзімнен көшіп, өлеңде қалды –

Лапылдап!

Көзімде – сорам…

Қайтейін соны сезбесе ел?

Көкірегіме көктей кеп

Көктен жетті өлең.

Ел лағып жүрген кезде сол

Лапылдап жанып,

Мен қалай күл боп кетпегем?!.

Бір күні шешем: “Аупарткомның үшінші хатшысы Марат Райымбеков көрінеді. Соның қабылдауына бар, оның әкесі Темір сенің әкеңмен бірге қызмет атқарған, – деді, – Саған оң көзімен бір қараса, сол қарайды…”

Әзер кірдім ол кісіге…

Қызылшырайлы, көңілді жігіт ағасы орнынан ұшып түрегеліп қарсы алды. Аты-жөнімді айтып, өзімді таныстырып жатырмын:

Өй, Серік Ақсұңқарұлы сенсің бе?! – деді ол мені сынай қарап, өз көзіне өзі сенбегендей. – Мен сені Алматыдан келген біреу екен деп қалсам? Сені бізге біреулер “мінезі жаман, өзі – сері, ішетін жігіт…” деп жамандап қойып еді…

Ойланып біраз отырды… Оңдырмай жамандап тастағаны көрініп тұр! Бірақ, көре сала көңіліне жаққанымды аңғардым. Сол бетте аудандық газеттің редакторына телефон шалып, дереу жұмысқа алдырды. Бұл Совет өкіметінің кемеліне келіп тұрған кезі. Орыстың осы заманғы ұлы ақыны Иосиф Бродский “арамтамақтығы” үшін сотталып кеткен кез! Кейін сол “арамтамақ” Нобель сыйлығының лауреаты болып, Советтің абыройын айрандай төкті…

Ақын деген – негізінен тұзы жеңіл, өзіне қайдағы мен жайдағы пәле, жала үйір, қорғансыз біреу ғой. Мағжанның: “Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына” – дейтіні содан. Бірақ, оны қоғамның небір кесапат, кесірі мен шайтанның алдап, арбауынан ылғи бір періште қорғап жүреді. Есенинді Мәскеудің кілең маскүнем жайлаған шулы кабактарынан Бакуге алып қашып, “Парсы саздарын” жаздырған Петр Иванович Чагин деген мемлекет және қоғам қайраткері бол­ған. Революционер-большевик С.Кировтың жақын серігі. Алла абырой бергенде, Есенинге кездескен Петр Чагин секілді, маған да Қарқаралыдан Марат Темірұлы Райымбеков кез болып, осы күнге аман-есен жеткен екенмін, әйтпесе, не боларын бір Құдай білмесе, ешкім білмеуші еді… Газетке материалым шыққан сайын қуанып, мереке сайын ауданның игі жақсыларының алдында сахнаға шығарып өлең оқытады. Онысы осы жігітті ел-жұрт біле берсін дегені.

Аупарткомның ғимаратының есігін айқара ашып кіретін күнге жеттім. “Сенің әкең Ақсұңқар Сүлейменов 38 жылдары Қарқаралыда аупарткомның хатшысы болғанда қолында 150 “халық жауының” тізімі болған, соның бірде-біреуін ұстап бермей, қызметтен төмендеп, Ұзынбұлаққа басқарма болып кетіп еді” дейді көзі тірі көнекөз қариялар.

Содан төмендей-төмендей, Ақ­тоғайдан бір-ақ шықты…

Қарқаралы – менің Музамның елі! Алғашқы кітабым “Жиырмасыншы ғасырдың 20 сәті” осы Қарқаралыда, Жиренсақал Әулиенің баурайында жазылды! Осы елде жүріп, СССР Жазушылар Одағының мүшесі болдым. Одан кейінгі “Жез тасқын”, “Қызыларай”, “Ғасыр кардиограммасы” атты үш кітабым осы топырақта жүргенде жалғанның жарығына шығып, атымды алты Алашқа мәшһүр етті!

Ақсораңда бала боп туып, Ақтоғайға ақын боп еркелеп, Қарқаралыда әзер дегенде азамат болдым-ау деймін…

Бүгінде Совет өкіметінің жер-жебіріне жетіп, коммунистік партияны ағаш атқа мінгізіп, айыптау “модаға” айналып тұрғанда сол кезде де елім, жерім деген Алаш ұлдарының болғанын, исі қазақтың солардың арқасында аман қалып, өркениетті елдердің көш, керуеніне ілесіп жатқанын, соның бел ортасынан шыққан біз айтпасақ, енді кім айтады?!. Лениннің бүгінде күллі жұрт ұмытуға айналған бір керемет сөзі бар: “Дүниежүзілік мәдениеттің тұнығынан жүзіп ішкен, ойы озық адам ғана коммунист бола алады” – деген! Соны бір коммунист құлағына қыстырмады…

Ол кезде небір өткелектен өткен өрелі кадр ғана ауылдан – ауданға, ауданнан – облысқа, облыстан – Астанаға, астанадан – Мәскеуге барушы еді… Олардың ұлттық, дүниежүзілік әдебиет пен мәдениет хақындағы білігі, интеллектуалдық деңгейі бүгінгілерден әлдеқайда биік еді! Осы Марат ағамыз облыс мәдениетінің қызғыш құсы Рымбала Омарбековаға қосылып, Брусиловский операларының ар­­ияларын шырқағанда ел оларды Советтің белді шенеуніктері емес, Италияның профессионал маэстролары деп ойлап қалушы еді…

Марат аға содан кейін де небір жауапты қызметтер атқарып, 1990-жылдары Қарағанды об­лыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Қарағандыда бұл кісіні “Обкомның соңғы оғланы” дейді! Сол кездің өзінде тұла бойы – бұрқылдап қайнап тұрған қазақтың қаны! Ұлтының уызынан қанып ішкен! Қарқаралыда дүниеге шырылдап келіп, Қараорман – Қарағандының тұлғасына айналған азамат! Бүгінде осы ағам 70-тің беліне шығып, Арқаның ақсақалы болып отыр!

Марат Райымбековке

Қаңқу біткен біздегі бақ-талайға.

(Жинап бәрін бір жерге сақтамай ма?!).

Қызыларайда қырық қап өсегім бар,

Алпыс қабын қалдырып Ақтоғайға! –

Қарқаралға келгенмін назалы ердей,

Көрінгенше көр-жерді жаза бермей;

Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті,

Көз алдымда көлбеңдеп, – маза бермей!

Ақсораңның қияда тасы гүлдеп,

Жүрегіме түсірген жасынын кеп;

Қарқаралы құшақтап алып еді:

«Қайта туған сен бе едің, Қасымым?!.» деп.

Қамшының сабы ма, – қандай жалған?

Көбелектей, қайран, жұрт – шамды айналған;

Қасымынан тым ерте көз жазып қап,

Меніңше, оған мейірі қанбай қалған…

Айналайын атыңнан, Қарқаралы,

Алтын бекет өзіңсің Арқадағы.

Арадайын гүлден нәр жинап жүрген,

Сені ойласам, тілімнен бал тамады;

Сен,

Алаштың бір інжу-маржаны едің,

Арқа дейтін саф алтын алқадағы!

Қаңқу біткен біздегі бақ-талайға.

(Жинап бәрін музейге сақтамай ма?).

… Қызыларайда қырық қап өсегім бар,

Алпыс қабы қалды оның Ақтоғайда…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

*Гүлғайын (Күлкен) -Ақсұңқардың тұла бойы тұңғышы

Суреттерде: 1.Марат Райымбеков, 2. Қарқаралы аудандық партия комитетенің хатшысы М. Райымбеков пен аудандық “Коммунизм таңы” газетінің меңгерушісі С.Ақсұңқарұлы. 1981ж. Қарқаралы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button