АймақБалқаш

Коалиция мүшелері қаладағы ірі еңбек ұжымдарымен кездесті

Облыстық және қалалық коалиция мүшелері қаладағы ірі еңбек ұжымдарымен кездесіп, алдағы республикалық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Сурет автордан

Алдымен коалиция өкілдері «Балхаш-НАН» ЖШС ұжымымен жүздесті. Жиында қалалық коалиция жетекшісі Ахат Мүслімов сөз алып, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдум өткізу туралы Жарлығынан кейін жаңа Конституция жобасы ресми жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжатты әзірлеуге алты ай бойы депутаттар, сарапшылар, қоғам өкілдері мен ғылыми қауымдастық қатысқан.

– Қоғам тарапынан ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданды. Жүйелі талқылау мен сараптау нәтижесінде теңгерімді, жан-жақты жоба қалыптасты. Бүгінде оны халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында жалпыұлттық коалиция құрылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды, – деді Ахат Мүслімов.

Кездесу барысында қолданыстағы 1995 жылғы Конституция мен жаңа жоба арасындағы негізгі айырмашылықтарға кеңінен тоқталды. Спикерлердің айтуынша, бұрынғы Ата Заң Тәуелсіз мемлекеттіліктің іргетасын қалағанымен, жаңа жоба заман талабына сай жаңартылған мазмұнға ие. Құжат қазіргі геосаяси ахуалды, қоғамның әділеттілік пен жаңару сұранысын ескере отырып әзірленген.

Жаңа Конституция жобасы адамға бағдарланған қағидаттарға негізделіп, ұлттық болмыс пен тарихи сабақтастықты, қоғамдық құндылықтарды басым бағыт ретінде айқындайды. Құрылымдық жағынан да жаңартылған құжат Преамбуладан, 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты жаңа бөлімдер енгізілген.

Саяси жаңашылдықтардың бірі – 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Ол пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақталып, депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болып белгіленбек. Коалиция мүшелері бұл өзгерістер билік тармақтарының тиімділігін арттырып, халық өкілдігінің сапасын күшейтуге бағытталғанын жеткізді. Кездесу соңында еңбек ұжымы өкілдері ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерге оң көзқарас білдіріп, құжатты референдум арқылы қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Осы күні коалиция мүшелері «Балқаш Жылу» ЖШС ұжымымен де кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен ұсынылып отырған өзгерістерін түсіндірді. Жиын барысында конституциялық реформалардың ел дамуына ықпалы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтудағы рөлі жан-жақты талқыланды.

Айта кетейік, өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Әрбір азаматтың пікірін тыңдап, мазмұнды түсіндіру жұмыстары жүргізілмекші.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button