Қоқыстан табылған сәбидің анасы ұсталды
3 сәуірде Қарағанды қаласының Октябрь ауданындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен 1 айлық сәби табылған болатын. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері баланың денсаулығын тексеріп, зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін анықтады. Осыдан соң перзентінен безінген әйелді іздеу жұмыстары басталды.
«Полиция департаментінің басшылығы нәрестенің анасын анықтау үшін криминалдық полиция мен жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі мамандарынан тұратын жедел-тергеу тобын құрды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы бағытталды. 6 сәуір күні 22 жастағы нәрестенің анасы анықталды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ҚР ҚК 24 бабының 3 тармағы және 99 баптың 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның жай-жапсары анықталуда.