Бас тақырыпМәселе

ҚОҚЫСТАН құтқарар күш бар ма?

Елде қоқыс полигоны өртенетін, әлде оны өртеп жіберетін әдет бар. Одан Қарағанды да құр қалған емес. Сәуір айының 15-24 аралығында Қарағандының іргесіндегі Доскей ауылында қоқыс үйіндісі үздіксіз жанды. Бірнеше күнге созылды. Өрттен шыққан түтіннің иісі Доскейді ғана емес, оның маңындағы Көкпекті ауылын, Қарағандыны да тұншықтырды.

Негізі, Доскей ауылы төңірегіндегі үйіндінің өртенуі бұл бір емес. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2019 жылы 30-31 мамырда полигоннан тағы өрт шыққан. Сонда Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі кей көшеде көктен күл мен күйе жауғанын көрген жұрт. Содан екі жылда бір қоқыс түтініне «ыстала» берген доскейліктер түтін көрсе, төбе шашы тік тұратын жағдайда осы күні. Полигоннан ұшқан күл-қоқыстан ығыр болған ауылдың 100-ге жуық тұрғыны Бұқар жырау ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шағымданды. Жекелеген тұрғындар да облыстың экология департаментіне хат жазды. «Ізашар» ЖШС-нің полигонына тексеріс жүргізіп, әкімшілік шара қолдану туралы. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратураға да үшбу хаттар кеткен. Хат жолданғалы жиырма күннен асты. Әзірге тырс еткен, тырп еткен хабар да, ошар да, шара да жоқ көрінеді…

Доскей ауылдық округі әкімдігі және ауыл тұрғындары бір айдан бері, яки, сәуірдің 19- нан бастап, түрлі құзырлы орындарға хат жазудан босамай келеді. Ауыл тұрғындары Бұқар жырау ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Иристановқа жолдаған хатында заңнаманы сақтамай жүрген «Ізашар» ЖШС басшысына шара қолдануды сұрайды. «Доскей ауылдық округінің аумағында 2013 жылдан бері қатты тұрмыстық қалдықтардың полигоны бар. «Ізашар» ЖК басшысы – А.Зикиров. Тұрғындардың және

Доскей ауылдық әкімдігі тарапынан қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтаудың бекітілген нормаларын орындау, жерге рекультивация жүгізу, полигонға қоршау орнатуға қатысты және осы саланы реттейтін өзге де Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қажетті талаптарды орындау жөніндегі арыз-шағымымызға А.Зикиров мырза ешқандай шара қолданған жоқ. Бұл мәселе «5» арнадан да жарияланды. Онда тұрғындар аталған нысанға наразылықтарын ашық айтқан болатын. Телехабарда полигон маңайындағы қырда құрылыс қалдықтары, пластик пакет, өзге де қоқыс қалдықтарының қоршау жоқтықтан ұшып жатқаны туралы бейнесюжет бар. Мұндай жағдайға наразымыз. Полигон иесі экологиялық ахуалды жақсарту, тағы да басқа да қажетті шараларды қабылдамаса, біз жоғарыдағы құзырлы орындарға шағымдануға мәжбүрміз.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 15 сәуірінен полигон аумағында қоқыстың тұтанып, өртенуі орын алды. Атап айтқанда, пластик, поролон бұйымдары өртенді, соның салдарынан түтіннің қолқаны алған өткір иісі Доскей ауылдық округінің аймағына, Көкпекті ауылына, Қарағанды қаласына жайылып жатыр. Сол арқылы қоршаған орта ластануда…» деп жазды.

Өрт шыққан күндері Доскей ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы А.Көпбаева Бұқар жырау ауданының төтенше жағдай бөліміне де хат жолдаған. Себеп – полигон өртеніп жатқанда, Зикировтің 15-сәуірден бері телефон мен хаттарға жауап бермеуі.

Доскей ауылдық округінің бас маманы Совет Арбабаевтың айтуынша, әкімдік тарапынан барлық құзырлы орындарға хат жолданған. Өрт кезінде бірнеше акт жасалған. Онда жергілікті билік тарапынан жұмылдырылған техника және адам саны, қолданылған шаралар тізбектеліп жазылған. Негізі, округ әкімі экология департаментінен қалыптасқан ахуалға байланысты полигонға жоспарсыз тексеріс жүргізуді сұрайды.

Ал, шағын бизнесті тексеруге Президенттің Жарлығымен мораторий жарияланған. Осыған байланысты департамент Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне «Ізашар» ЖШС-не қатысты мәселені қарастыру хақында қорытынды жіберіпті. Департаменттің бас маманы Айжан Меңғалиқызының айтуынша, комитеттен жауап күтіп отыр. Егер комитет жоспарсыз тексеріс жүргізуге рұқсат берсе, департамент шара қолданатынын хабарлады. Оған қоса, жобалық шешімдерден ауытқулар анықталса, онда полигонның жұмысын тоқтату туралы ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілетінін мәлімдеді.

«Касательно деятельности полигона ТБО ТОО «Ізашар» сообщаем, что в связи с Указом Президента РК о введении моратория на проверки малого и микро бизнеса, Департаментом экологии по Карагандинской области направлено заключение в адрес Комитета экологического регулирования и контроля в целях дальнейшего рассмотрения вопроса проведения проверки в отношении ТОО «Ізашар».

В случае положительного решения Комитета экологического регулирования и контроля о проведении внеплановой проверки, Департаментом будут приняты меры.

В случае выявления отклонений от проектных решений Департаментом экологии будет подано исковое заявление о приостановке деятельности в Специализированный межрайонный экономический суд Карагандинской области, также отзыв разрешительных документов», – деді экология департаментінің бас маманы Айман Меңғалиқзы.

Жалпы, қоқыс полигоны – Қарағанды үшін көп жылдардан бері толық шешілмей, жылдан-жылға жалғасып, сағыздай созылған проблема.

Мәселен, департамент дерегінше, қазіргі уақытта Қарағанды облысында стихиялық сипаттағы 202 қоқыс айлағы бар. Оның 24-і ғана рұқсаттық құжатқа ие. 178 нысан құқығын анықтайтын құжаттардан ада. Яғни, эмиссияға рұқсат, қалдықтарды орналастыруға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жоқ…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button