АбайАймақ

Қоқыс қалдықтарынан құтылу қажет

Еліміздің қалалары мен ауылдарында жыл сайын жиналатын қоқыс қалдықтарынан құтыл проблемаға айналғанына қанша уақыт. Соны жою үшін Қазақстанда тұңғыш рет қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу Абай ауданында қолға алынып, оның жұмысы қарқынды жүргізілуде. Оған мердігер болып бекітілген «Актив-А» ЖШС құны 744,5 миллион теңгелік нысанның құрылысын жыл аяғына дейін бітіріп, пайдалануға бермекші.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Абай қаласының сыртындағы бұрынғы қоқыс полигонының орнында 10 гектар аумақта салынып жатқан полигон басында қазір де қызу тірлік. Жоғарыдағы мердігер кәсіпорынның директоры Еркін Сәрсенбаев бұл жерде 8 техника мен 15 адам жұмыс істеп жатқанын айтады. Олар өндіріс алаңын қоқыс қалдықтарынан тазартып, бетін тегістеп, құрылысқа қажет материалдарды қамдап, жеткізуде.

Полигонның жобалық-сметалық құжаты бойынша мұнда 25 ұзын да терең жыра қазылып, қайтарма шикізатты уақытша қоя­тын алаңқай, сұрыптау желісі, автотұрақ, әкімшілік-тұрмыстық комбинат пен бақылау­өткізу пунк­ті, автомобильдік электронды таразылары болатыны, айналасы асфальтталып, абаттандырылатыны белгіленген екен. Ол салынып біткен күнде жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, сұрыптап, оларды ұқсататын өнеркәсіп орындарына жіберіп отыратын көрінеді. Ал, пайдаланылу мерзімі 25 жылға шақталған полигон төңірегінде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу зауыттарын салу – келешектің ісі.

Осы полигон құрылысына өткен аптаның соңында облыс­тық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов бастаған облыстық мәслихаттың бір топ депутаты арнайы келіп, ондағы жұмыс барысымен танысты. Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Асқаров пен «Абай ауданының ТКШ, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ басшысы Дмитрий Терешин оларды мән-жайға қанықтырып, басталған жұмыстың беталысымен таныстырды.

Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов полигон құрылысына облыстық бюджеттен бастапқы 300 миллион теңгенің бөлінгенін, қалған ақшаны бөлу де қарастырылатынын мәлімдеп:

– Кез келген кәсіпорын пайдамен жұмыс істеп, бюджетке түсім жасауы тиіс. Бұл полигон іске қосылған кезде аймақтың экологиясы жақсарып қана қоймай, қосымша қанша адам жұмысқа орналасып, бюджет қазынасына қомақты қаржы түсеріне сенімдімін, – деді.

Соған орай осы кездесуде болған «Ресайклинг Сервис» ЖШС директоры Айтпану Омарова жауап беріп, бұл саланың табысты боларына сендірді. Өйт­кені, ол басқаратын серіктестік биылғы сәуір айында конкурс арқылы Абай ауданынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару ісін 10 жылға жеңіп алып, содан бері осынау шаруамен айналысуда екен. Қазірдің өзінде серіктестіктің 8 техникасы мен жұмысшылары Абай қаласы, Топар, Дубовка, Агрогородок, Жартас, Қарабас, Қызыл ауылдарынан күнделікті жиналған қоқыс қалдықтарын тасып әкетіп, сыртқа төгуді жолға қойыпты. Әзірге оларды қолмен сұрыптап жүрген жандардың автоматты жұмыс тәртібіне көшетін күні де алыс емес. Сондықтан да, коммуналдық салада ширек ғасырдай еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған Айтпану Омарова полигонды да 10 жылға сенімді басқаруға алып, ертеңіне нық сеніммен сөйледі.

Экологиялық кодекске сәйкес негізгі мақсат – полигондарды азайту және таңдалған қайта өңделген материалдардың үлесін арттыру. Қойылған мақсаттарға жету тек барлық мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың, қызмет көрсетушілердің, әрине, халықтың өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асады.

Осыған байланысты депутаттық корпус қалдықтарды бөлек жинау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігін айрықша атап айтты. Бұл қалдықтарды басқару бағытындағы жұмысты жылдамдатады.

Алдағы уақытта осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жалғасады.
Бұдан кейін Нұркен Сайфиддинұлы бастаған депутаттар Абай қаласының өзінде қоршалып, асфальтталып, қаз-қатар контейнерлер қойылған қоқыс алаңдарын көріп, аудандық әкімдікте сапар барысын қорытындылаған кеңес өткізді. Енді бұл мәселе облыс­тық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралатын болады.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Абай ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button