Басты тақырыпЖаңалықтар

Оқырманымыз – 18 мың!

    Тәу етер Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық, Әлихан бабамыздың 150 жылдық, ордалы «Орталығымыздың» 85 жылдық мерейтойларымен дараланған мерекелі жылды берекелі межеледік. Айтқандай-ақ, өткен Мешін жылының табалдырығын 17 100 данамен аттаған екенбіз. Дағдарыс дақпыртына қарамай, инфляция иірімін елемей дархандық танытқан һәм сүйікті газетінен қол үзгісі келмеген ормандай оқырманымыздың арқасында, әрине.

    Биыл бұл меже еселеніп отыр. 100 емес, 200 емес, 1000 данаға! Сонымен, биыл 18 100 босағадан аттап, төріне озатын болдық. Сүйсінетін де, сүйіншілейтіндей меже!

   …Баспасөзге жазылу – саяси науқан. Басшымыз бар, қосшымыз бар, ойдан – қырға, қырдан – ойға шапқылап, әбден әбігер болатынбыз. Биыл олай етпедік. Не бір аудан, бір қалада кездесу өткізіп, үгіт жүргізбеппіз. Бәрібір, 18 100 дана аспаннан түсе салған жоқ. Ол – оқырманның байсалды басылымға деген риясыз пейілі, аудан, қала әкімдерінің қолдауы!

    Мәліметке жүгініп, кестеге үңілсек, көш басында – Нұра (әкімі Ниқанбай Омарханов) ауданы. Жоспарлы межені 180,36 %-ға орындап шықты. Мешін жылының екінші жартыжылдығына жазылу жоспарын орындауда да нұралық оқырмандар алдына қара салмаған. Екінші орынға Приозерск (әкімі Қайрат Қамзин) қаласы (122,55%) жайғасты. Үздік үштікті Теміртау (әкімі Ғалым Әшімов) қаласы (121%) түйіндеп отыр. Одан кейінгі орындарды Шет (әкімі Марат Жандәулетов) ауданы (113,19%) мен Жаңаарқа (әкімі Ғабдрахман Омаров) ауданы (111,89%) өзара бөлісті.

    Естеріңізде болса, өткен жылы 9 аудан, 9 қала арасында Теміртау қаласы жоспарды орындай алмай, жолда қалған. Міне, биыл үздік үштіктен бой көрсетіп отыр. Сондай-ақ, облыс орталығы Қарағанды қаласы да соңғы жылдары жоспарлы межеге жолай алмай қойып еді. Биыл 3014 оқырман (жоспардың 104,29%-ы) облыс орталығынан табылды. Яғни, Қарағанды қазақыланып келеді!

    Сонымен, жоспарды екі қала ғана орындай алмады. Балқаш (97,94%) пен Саран (91,86%). Оларға да өкпе жоқ. Межеге қолсозым қалғанша әрекет етіп бағыпты.

    …Оқырман саны – 18 мың! Бұл – біз үшін жай ғана меже болғанымен, қасиетті сан. 18 мың ғалам! Ендеше, 18 мың ғаламның ғажайыбына айналмасақ та, 18 мың шаңыраққа рухани ләззат сыйлаймыз деп мағмұрланып отырмыз. Алты құрлыққа хабар таратпасақ та, алты Алаштың мұңын мұңдап, жырын жырлауға, әр шаңырақ төріндегі алтын сандықтай абыройлы іс атқаруға пейілдіміз, ағайын! Іске сәт!

     Сөз түйінінде, сүйікті басылым­дарыңыз «Орталық Қазақстанның» таралымын ұлғайтуға ықпалы тиген аудан, қала басшыларына ақжарма пейілмен алғысымызды айтып, істеріне абырой тіледік. Табалдырық аттаған Тауық жылында тарыдай шашылған несібемізді теріп жеп, жаңа белесті тың серпінмен бағындыра берелік!

     Мазмұнға – бай, наз-мұңға – кедей «Орталық Қазақстан» әр шаңыраққа шаттық сыйлауға әзір!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

3 пікір

  1. Әлі күнге дейін аймақ ақпаратын әлеуметтік желі мен интернеттен оқығаннан гөрі газеттен оқығанды тәуір көремін. Өзім жызылған басылымдардың ішінде міндетті түрде қалалық Құрыш қала мен Орталық Қазақстан болады. Бұлар мен үшін басылым емес әр күнді бастайтын күн парақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button