Оқырманның өмір мектебі
Ұлттық баспасөз сөз болғанда облыс тұрғындарының басты басылымы «Орталық Қазақстан» жайлы айтқанымыз жөн болмақ. Өзінің алғашқы саны шыққанына бір ғасырға жуықтаған, дәлірек айтсақ, 94 жыл болған бұл басылым осыншама уақыт оқырманның өмір мектебі болды десек, артық айтқандық емес. Өз заманында еліміздің бас үн парағы «Социалистік Қазақстан» тәрізді аптасына алты рет жарық көрген осы біздің облыстық газет болатын. Күнде шығатын болғандықтан, оның жұмысы да ауыр еді. Редакцияда күнделікті газет шығаратын техникалық қызметкерлерді қосқанда 50-ден астам адам қызмет етеді. Аудандардағы меншікті тілшілерді қосқанда 30 шақты журналист болды. Және қандай журналистер дейсің ғой, бәрі бірінен-бірі өткен мүйізі қарағайдай қаламгерлер еді. Ол уақытта «Орталық Қазақстанға» қызметке кіру әрбір жас журналистің арманы болатын. Қатардағы корректор болуға кезекке тұратын.
Республикалық газетке деңгейлес, атағы жер жарған облыстық газетке қызметке іліккен журналистердің бірі болғанымды әлі күнге мақтаныш көремін. Сол кездегі бас редактор Рамазан Сағымбеков марқұм мені Егіндібұлақ ауданындағы «Ленин туы» газетінен арнайы шақырып алып еді. Кабинетіме өзі телефон соғып: «Серік, бұрын бір келгеніңде облыстық газетке ауысқың келетінін айтып едің. Сол ойыңнан қайтып қалған жоқсың ба?» деп сұрады. Менің жауабымды тыңдап алды да: «Онда ол жақтан есеп айырысып, мұнда кел. Бір орын босап тұр» деді. Қуанышым қойныма сыймай, 1982 жылы 1 наурызда Қарағандыға жетіп келдім. «Орталыққа» қабылдандым. Сөйтсем сырттай бақылап жүреді екен. Осының алдында ғана газеттің еңбек адамдары туралы үздік очеркке жарияланған бәйгесін штаттан тыс тілші ретінде жеңіп алған едім. Әлі есімде «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының орденді механигі туралы очерк жазғанмын. Сонымен, көптен армандаған «Орталықтың» тілшісі болып шыға келдім.
Қарасам мұнда журналист көп, жұмыс қауырт. Газет аптасына алты рет шығатындықтан материал шақ келмейді. Сондықтан әр журналист күніне 250 жол мақала беруге тиісті. Жай мақала емес, оқырман хаттары мен штаттан тыс тілшілердің қорытылған, яғни әдеби өңделген материалдары болуы керек. Өзіңнің атыңнан жазған мақала есепке алынбайды. Сол себепті күні бойы редакцияға түскен оқырман хаттарын қорытамыз. Үлгермесек үйге алып кетіп, қолмен жазып әкелеміз. Бірақ сол дайын мақаланы машинкаға бастырудың өзі проблема болып шықты. Машбюрода 4 машинистка бар. Жиырма шақты журналист сонда кезекте тұрады. Мен сияқты жаңадан келгендерді итеріп тастай береді. Содан машбюроны аңдып, қай апай «қайырымдылық» жасар екен деп күтіп отырамын. Менің бақытыма орай мұнда Айша деген апай бар екен. Руы – Жарылғап, Қу өңірінен екен. Менің қайдан келгенімді білген соң, «Бауырым, мақалаңды маған әкел» деді. Енді бір қарасам, шыққан тегі НұрбикеШаншар Тоқан Әбуғалиев деген журналист ағайдың жұбайы Күлзия да осы машбюрода бар екен. Бір апай, бір жеңгей тауып алып, мақала бастыру мәселесін шештім.
Редакцияда менімен жасы шамалас Еркін Лұқпанов, Мағауия Сембаев, Сәттар Тұрғанбеков, Гүлсім Оразалиева тәрізді жас журналистер болды. Қалғандары 50-60-қа жақындап қалған жасамыстар еді. Тіпті зейнеткерлікке шығып қызмет етіп жүрген Қағазбек Сәденов, Хайриден Әубәкіров деген қырлы қаламгерлер болды. Бұдан кейін Есімбек Бәйтенов, Тоқан Әбуғалиев, Асхат Темірбаев, Қайыркен Сұлтанов, Сағиолла Аңсаров, Базарбай Мұстафин, Қанат Жойқынбаев, Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Амантай Сағындықов, Рымқұл Сүлейменов, Мақсұт Халиоллин тәрізді белді журналистер болды. Осы ағалар бөлім меңгерушілері, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болғандықтан солардың қол астында қызмет етуге тура келді. Олардың әрқайсысынан үйреніп, жақсы жақтарынан үлгі алуға тырыстық. Бөлім бастықтары жазған мақалаңды шимайламауы үшін олардың жазу стиліне бейімделуге ұмтылған кездер де болды. Осылайша білмегенімді ағалардан үйреніп, 2-3 жылда ұжымның бір белсенді мүшесі болып шыға келдім. Редакцияға Төлеубай Ермекбаев, Дәулетбек Мақашев, Жұлдыз Тойбекова, Болатбек Қауысов деген жас журналистер қосылды.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Одақтың тоқырауына орай газет жұмысы да, құрылымы да өзгеріске ұшырады. Газеттің басылу технологиясы жаңарып, компьютер кеңінен қолданыла бастады. Буын алмасу болды. Енді біздер аға буынның орнын бастық. Жастарға тәлімгер болып, білгенімізді, өмір тәжірибемізді соларға үйрете бастадық. «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымына Қайрат Әбілда, Серік Сағынтай, Жанат Жаңқашұлы, Қамбар Ахмет, Мирас Асан және басқа да жас журналистер қосылды. Бұдан басқа бір екі жыл істеп, басқа жаққа кетіп жатқандар да болды. Қазіргі күнде сол жігіттердің өсіп, өз алдына бір тұлға болғанын мақтан етеміз.
Ұлттық баспасөздің қарашаңырағының бірі облыстық «Орталық Қазақстан» газеті 90 жылдан бері оқырманмен қауышып келе жатса, соның 32 жылында осы газетті шығаруға қатысып, ыстық-суығын көргенімді мақтана айта аламын. Біз қызмет еткен жылдардың өзінде редакцияға талай журналист келіп, тұрақтай алмай кетіп жатты. Бірақ біздің буын түп қазанда қалып, 30-40 жыл адал қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтық, ардагер журналист атандық. Әлі де қаламды тастамай газетке оны-мұны жазып тұрамыз. Қазір жап-жас қыз-жігіттер орнымызды басып, газетті шығарып жатыр. Олардың жазған дүниелерін күнделікті оқып, тамсанып жатамыз, жас журналистердің тілеуін тілейміз.
Қорыта айтқанда, осынау айтулы күнде «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымына ардагерлердің атынан табыс тілейміз. Жазар көбейсін!
Серік Сексенұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі