Оқырманның қадірменді қонағы
Осыдан төрт жыл бұрын журналист Қуаныш Аманқұлов «Қазпоштаның» қадірлі қызметкері – Бақытгүл Қуаныштайқызы туралы мақала жазған еді. Иә, пошта қызметкері осы күнге дейін өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып жүр.
Пошташыны күтіп отырмайтын отбасы кемде-кем шығар. Біреулер газет-журналды оқып, жаңалықты тез естуге асығады. Енді біреулер жақын туыстарынан хат-хабар күтеді, зейнетақысын алуға тағатсызданады. Міне, осының бәрін жеткізетін – пошташы. Ол – жұртшылықтың қызметшісі әрі оқырмандардың газет-журналға жазылуын да ұйымдастырады. Осы жылға баспасөзге жазылу жоспары да ойдағыдай болған.
Шындығында, хат тасушының атқаратын жұмысы жауапты да қиын. Оның сөмкесі хат-хабарға толған. Әсіресе, мұндай мамандарға көктем, күз, қыс мезгілдерінде қолайсыз болады. Қар аралас жаңбыр жауып, жер лайсаң тартады, күн суытады, көктайғағы тағы бар.
Бақытгүл Сейілбекова хат-хабар таситын үйлер саны – біршама. Кейбірінің лифті жоқ, газет-журнал, хат салатын жәшігі жоқ. Сонда да жігерлі келіншек жұмысын көңілдегідей атқаруда. Расында, ол – қала оқырмандарының қадірменді қонағы.
Бақытгүл Қуаныштайқызы әңгімесінде: «Мен тұрғындарға газет жеткізу, жаздыру ісімен жиырма жылға тақау шұғылданып келемін. Бұл саладағы тәжірибем айтарлықтай. Әрбір хат-хабарды (газетті) мекен-жайға, оқырманға кешіктірмей жеткізу біз үшін үлкен парыз әрі міндет. Өйткені, редакциялар ұжымдарының ерен еңбегімен әзірленіп, басылған газет-журналдарды таратуға біз өз тарапымыздан жауапкершілікпен қараймыз. Газет деген ақпарат көзі ғана емес, бұл – оқырманды тәрбиелеудің, жақсы дүниелермен сусындатудың бір жолы. Осы тұрғыдан келгенде «Орталықтың» алар орны ерекше. Шежірелі 85 жылдық мерейлі тойында осы аймақтың ұлттық басылымы өзінің зор беделді екенін облыс оқырмандарына танытты. Мазмұны терең, көркемдігі көз тартады. Сондықтан, оқырмандар «Орталығын» асыға күтеді, – дейді.
Мен де осы газеттің байырғы тілшісі болған соң Е.Бөкетов атындағы саябақта соғыс, еңбек ардагерлерімен және жастармен кездесіп, пікір алмастық. Түрлі сала мамандары да газетке жазылуда белсенділік танытыпты. Бұл, әрине, рухани нәр алатын басылымның бағаланғаны деп ойладық.
Ұзақ уақыт аралығында өз ісін адал атқаруымен, мінсіз қызметімен көзге түскен хат тасушы Бақытгүл Қуаныштайқызы да халық құрметіне бөленуде.
Қорыта айтқанда, газет-журналды оқырмандарға жедел жеткізуді міндетіне алған, ісі көпшіліктің көңілінен шыққан мамандар Бақытгүл сияқты алғыс алып жатса, қарап тұрып шын риза боласыз.
Еркін КӨПІШЕВ,
еңбек ардагері.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.