Оқырман артқан жүк – салмақты
Өткен аптада кенді өлкенің бас басылымы – облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахмет Шет, Ақтоғай аудандары мен Балқаш қаласына барды. Оқырман ойын безбендеп, халықпен етене сұхбат құруды мақсат еткен редактор редакцияның алдағы шығармашылық жоспарымен де бөлісті.
Оқырман артқан жүк – салмақты
Шет ауданына арнайы ат басын тіреген басылым басшысы оқырмандармен дидарласып, газет мазмұнын артыру мақсатында атқарылуы тиіс тың жобалар мен жоспарлары жөнінде ой бөлісті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин жүргізіп отырды.
Аймақ айнасы қазіргі заманға лайық ақпараттық-мәдени орта қалыптастыруда үнемі ізденіспен жұмыс жүргізіп келеді. Газет журналистері кез келген тақырыпқа қалам тартқанда әділ сөз, азаматтық ұстанымынан жаңылған емес. Басылымның әр санында өңірдегі жасампаз жобалар мен әлеумет мәселесін көтерген, түйткілді тақырыпты тамырынан талдаған салмақты сараптамалар кеңінен орын алуда.
Бүгінде жаңалықты оқырманға жеткізудің түрі де, тәсілі де көбейді. Алайда, бұл кезекте Қамбар Ахмет әлеуметтік желілердегі блогерлердің бәрін кәсіби журналиспен шатастыруға болмайтынын айтты. Себебі, газетте жарияланған мақаланың әр дерегі нақты мәліметке сүйене отырып жазылады. Бұл, біріншіден, басылым жауапкершілігі. Екіншіден, осы жауапкершілік арқасында газеттің беделі көтеріледі.
Шет ауданы әкімдігінде өткен кездесуде «Ұлағат» қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ертай Жәнібеков «қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру мәселесі басылым бетінде көтерілсе» деген бұқара бұйымтайын жеткізді. Ал, Шет ауданының Құрметті азаматы Боранбай Жұмкин ордалы оқырманы бар аймақтық газетке, ел болып қолдау білдіріп, бір кісідей жазылу керектігін жеткізді.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт нұсқаушысы Нұрзат Несіпбек басылым бетінде ауыл жастарының мәселесін ашып көрсететін материалдарға жиі орын беру туралы ұсынысын ортаға салды.
Мұндай ашық әңгіме Ақтоғай ауданында да жалғасын тапты. Жылы жүздесу тізгінін аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов ұстады.
Жиында Қамбар Жұмағалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктері, жылт еткен жаңалықтары облыстық басылым бетінде тұрақты жарияланып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, өңір тұрғындарының баспасөзге жазылу науқанындағы белсенділігіне тоқталды. Келешекте де көкірегі ояу, көзіқарақты оқырман көңілінен шығу үшін газет мазмұнын байыта түсуге редакция ұжымы күш салатынын жеткізді.
Газет оқырмандары атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов аймақтың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа насихаттаудағы материалдарға, сондай-ақ, сараптамалық мазмұндағы мақалаларға қатысты оң пікірін білдірді.
Кездесу соңында басылым басшысы жұртшылықтың сауалдарына жауап берді.
***
Редактордың жұмыс сапары келесі күні Балқаш қаласында жалғасты. «Рухани жаңғыру» орталығындағы кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті.
Әуелі Қамбар Жұмағалиұлы газеттің бүгінгі тынысымен таныстырды. «Уақытпен үндестік және оқырман талғамы. Міне, редакция жұмысының негізгі басымдықтары осыған саяды» деген басылым басшысы газет беттеріндегі жаңа айдарларға тоқталды.
Көзі қырағы оқырман жақсы білер, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тетіктері, оның халыққа қарапайым тілмен жеткізілуі, қоғамдағы өзекті мәселелер, кәсіпкерлік пен жастардың бастамалары газеттің әр санында жарық көріп келеді. Тарихи-танымдық жазбалар мен ұрпақтар сабақтастығы төңірегіндегі дүниелер де үзілген емес. Ай сайын немесе тоқсан сайын тұрақты шығарылатын арнайы беттерді де оқырман асыға күтеді.
Басқосуда сөз алған халықтың пікірі де ескерусіз қалмайтыны анық. Мәселен, «Облыстық газет еңбек адамдарын, өндіріс тынысын жүйелі жарыққа шығарып тұрса, құптарлық іс болар еді», – дейді жазушы Жанболат Башар. Қалалық ардагерлер кеңесінің өкілі Өмірбек Ерменбетов «Орталықтан» кең көлемді тарихи дүниелерді оқуға ниетті екенін жеткізді. Қарияның сөзінше, өзі облыстың бас басылымынан өмір бойы қол үзген емес. Әр санын мүлт жібермейді. Сұңғат Қалкенов есімді оқырманымыз аймағымыздан шыққан танымал тұлғалармен сұхбаттар көпшіліктің газетке қызығушылығын арттырады деген пікірде.
Газет редакциясы үшін әр оқырманның пікірі маңызды. Сондықтан, кездесуде ортаға салынған ұсыныстар – оқырманмен кері байланысты одан әрі нығайтуға сеп. Америка Құрама Штаттары, Жапония сияқты өркениетті, технологиясы дамыған елдердің өзі газеттен қол үзбек түгілі, газет оқырмандары саны бойынша әлемдік рейтингінің көшін бастап тұр. Осыны мысал қылған газет басшысы «халық газет оқымайды» деген жаңсақ пікірден арылған дұрыс деп түйді өз ойын.
Думан ҚАБЫЛ,
Қуаныш АМАНҚҰЛ.
ҚАРАҒАНДЫ – АҚСУ-АЮЛЫ – АҚТОҒАЙ – БАЛҚАШ – ҚАРАҒАНДЫ.