Оқырман Ақселеуін іздейді
Өткен аптада Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №11 филиалында белгілі этнограф-ғалым, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақселеу Сейдімбектің туғанына 75 жыл толуына орай «Арқаның алтын сандығы» атты ток-шоу өтті.
Шара мақсаты – Ақселеу Сейдімбектің өлмес мұрасын жас ұрпаққа дәріптеп, оқырмандардың қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру. Сонымен қатар, отансүйгіштікке тәрбиелеп, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту.
Кітапханашы Г.Әбекенова қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндап, кеш иесінің бірге өсіп, біте қайнасқан замандасы, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Сәбит Мутәләпов естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Қаламгердің шығармашылығын зерттеп жүрген ҚарМУ-дың оқытушысы, филилогия ғылымдарының кандидаты А.Әбдіқадырова А.Сейдімбек зерттеулеріне тоқталып, мол мағлұмат берді. А.Сейдімбек атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің облыстық байқауының жүлдегері Б.Ықыласов бастаған Е.Нарын, Н.Жексенбай, К.Абай, Д.Тәңірбергенов, З.Тілеулинов сынды ҚарМУ-дың студенттері, жас ақындарымыз Ақселеу күнделігінен үзінділер, арнау өлеңдер оқып, күй тартып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Шара барысында А.Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығын қамтыған слайд көрсетіліп, «Алаштың Ақселеуі» атты кітап көрмесі ұсынылды.
– Ел тарихында өшпес із қалдырған асыл тұлғалардың есімін ардақ тұту – біздің қасиетті парызымыз. Ұлт ұланының ұлағаты мол мұралары ғасырлар бойы ел игілігіне қызмет ете бермек, – деді кітапхана меңгерушісі А.Ыдырысова.
Шара соңында барлық қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.
А.КЕНЖЕҒАЛИЕВА.