Оқырманға арнау

     Қазақ малын, жанын санамаған. Көз тиеді деген болар. Мың­ды айдаған, болған, толған жылда, Қоянды жәрмеңкесін өзі ашқан, Қарқаралыдағы орыстың оязымен тең отырып тізелескен, Алаш арыстары алысып жүріп ашқан «Қазақ» газетіне демеушілік жасаған, Нығмет Нұрмақовтай айдарлы бауырын оқытқан Ақайдың Қасені жылқысын Қу тауының кең бір сайына жылқысын жылына бір рет қана иіріп, шоқыдан қарайды екен. Малы түгелдің жаны да түгел ғой. Сөйткен Ақайдың Қасені айдауда аштан өліпті. Трагедия.

    Біз санауықпыз. Бәрін санаймыз. Осыдан 100 жыл бұрын қазан төңкерісі болып, ақ патша тақтан тайып, қиян-кескі заман келген. Бір империяның артынан екінші империя орнаған. Алашы үшін атойлап шығып, Алашорда автономиясын құрған Арыстарымыздың бәрінің дерлік жандарын жаҺанамға жіберген бәлшебектер. Маңдайға жазғаны солай шығар. Соғыс жылдарында «Правда Востока» газетінде күн көсем – Ста­линнің лауазымынан өрескел қате кетіп, НКВД редакция қызметкерлерін бірін қалтырмай атып тастапты. Ол заман өзімен кетсін.

    Құрметті оқырман! 2017 жыл­ға аяқ бастық. 18 100 оқырман «Орталығын» аппақ қардай ақ ора­малына орап алып оқимыз дей­ді. Тәуба. Қаздауысты Қазыбек бабамыз осылай деген:

    «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, Елімізден құт-бере­ке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп Жылқы қылын найзасына таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз. Дәм-тұзды ақтай білген елміз…».

     Әулие бабамыздың биыл 350 жылдығы, Алашорданың 100 жылдығы. Осы қос ұлық тойларды атап өту – ұрпақ парызы.

    Құрметті оқырман! Табалдырық аттаған жылымыз шұрайлы, шұғылалы болсын! «Орталықтарыңыз» әмәнда Сіздермен бірге!

Мағауия СЕМБАЙ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.